«ҚТК» АҚ қолдауымен 2022 жылы 25000 отбасы үшін 2 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді

Республика аумағындағы тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («ҚТК» АҚ) 2022 жылы жасаған жұмысын қорытындылады. Компания ұсынған қолдау құралдарының нәтижесінде биыл пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі шамамен 2 млн шаршы метрді құрады.

Бұл елімізде 25 мыңнан астам отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазақстанда жаңа тұрғын үй құрылысын қолдау

Осы жылы тұрғын үй ұсынысын қолдау шеңберінде «ҚТК» АҚ несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін 176,4 млрд теңгеге әкімдік облигацияларын сатып алды.

Аталған қаражатты әкімдіктер баспана кезегінде тұрған азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үй құрылысын салуға жұмсайды.

Сонымен қатар, үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында компания құрылысты аяқтау үшін жалпы сомасы 211,7 млрд теңгеге тең 36 кепілдік берді. Бұл — жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрден асатын 12 мыңға жуық пәтерді құрайды.

Айта кету керек, Қазақстанда әлеуетті сатып алушылармен үлестік қатысу шарттарын жасау үшін әкімдіктің тиісті рұқсаты бар немесе «ҚТК» АҚ кепілдігін алған құрылыс компаниялары ғана жасаса алады. Ал оны алу үшін, олар өздерінің қаржылық тұрақтылығын, сондай-ақ өзге де өлшемдерге сәйкестігін растауы керек.

Бұған қоса, осы жылдың қорытындысы бойынша «ҚТК» АҚ жеке құрылыс компанияларымен жалпы сомасы шамамен 50 млрд теңгеге тең пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шартын жасады. Бұл игілікті шара арқылы 2,5 мыңнан астам пәтер құрылысын салуға мүмкіндік берді.

Осы ретте «ҚТК» АҚ қолайлы қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылыс компаниясына банктік сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтейді. Өз кезегінде, құрылыс салушы Қазақстанның 2026 жылға дейінгі тұрғын үй құрылысы саласын дамыту тұжырымдамасында белгіленген баға бойынша дайын тұрғын үйдің кемінде 50 пайызын сатып алушыларға ұсынуы тиіс.

Халықты сатып алуға құқығы бар жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету

«ҚТК» АҚ елімізде қолжетімді шарттары бар жалдамалы тұрғын үйге деген халықтың үлкен сұранысын ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге сатып алуға құқығы бар жалға берілетін 325 пәтерді жүзеге асырды.

Тұрғын үй құрылысын қолдау мақсатында цифрлық платформалар іске қосылды

Қазақстандық құрылыс материалдарын жасайтын өндірушілерді қолдау және тұрғын үй құрылысындағы жергілікті қамтуды арттыру мақсатында «ҚТК» АҚ құрылыс материалдарының material.kz онлайн платформасын іске қосты. Онлайн-платформа ағымдағы жылдың 1 наурызында өндірістік пайдалануға берілді. Компания бұл шараларды мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында қабылдады.

Сондай-ақ, «ҚТК» АҚ компанияның қазіргі клиенттері мен жеке тұлғаларға арнап «Тұрғын үй порталы» (homeportal.kz) ақпараттық жүйесін іске қосты. Тұрғын үй порталында үлескерлерден қаражат тарту үшін «ҚТК» АҚ кепілдігі немесе әкімдіктің тиісті рұқсаты бар Қазақстандағы барлық үлестік құрылыс нысандары туралы ақпарат жарияланған. Осылайша, қазақстандықтар құрылыс салушылардың тиісті заңды құжаттарының бар-жоғын оңай әрі жедел тексеріп, сол арқылы өздерін басқа компаниялардың әділетсіз әрекеттерінен қорғай алады.

Еске салсақ, «ҚТК» АҚ кепілдігін алу үшін құрылыс салушы заңнамада белгіленген талаптарды орындауы қажет. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысын (тұрғын үй ғимараттарын) жүзеге асыруда белгілі бір тәжірибесі бар, соңғы 2 қаржылық жыл ішінде шығынсыз жұмыс жасаған, сондай-ақ, нысанды пайдалануға бергенге дейінгі құрылыстың барлық кезеңінде қарыздық және меншікті капиталдың теңгерімді қатынасы болуы шарт.

Бүгінгі таңда «ҚТК» АҚ — халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай операторы. Ол — жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы.

https://kaz.zakon.kz/6018115-tk-a-oldauymen-2022-zhyly-25000-otbasy-shn-2-mln-sharshy-metr-tryn-y-oldanysa-berld.html

«ҚТК» АҚ қолдауымен 2022 жылы 25000 отбасы үшін 2 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді