Әрбір әлеуетті үлескер «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылыс салушылар әкімдіктің рұқсатын немесе «ҚТК» АҚ кепілдігін алғаннан кейін ғана олардың қаражатын құрылыс кезеңінде тарта алатынын білуі керек. Бұл ретте сатып алушымен міндетті түрде бекітілген үлгілік нысан бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт (ҮҚШ) жасасуға, кейіннен оны «Қазреестр» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеуге тиіс. ҮҚШ сәтті тіркелген кезде үлескермен мәміле біздің еліміздің заңнамасы шеңберінде жасалғанын растайтын тиісті үзінді көшірме қалыптастырылады. Құрылыс салушы бұл үзінді көшірмені үлескерге ұсынуы керек.
Бұл ретте, үлескерлердің Қазреестрде өзінің ҮҚШ тіркеу фактісін өз бетінше тексеруге мүмкіндігі бар. Мұны істеудің бірнеше жолы бар.
Бірінші әдіс – «Тұрғын үй порталы» ақпараттық жүйесіндегі үлескерлердің жеке кабинеті арқылы (homeportal.kz), ол онлайн-режимде ҮҚШ туралы ақпаратты, тұрғын үй кешені, құрылыс салушы және уәкілетті компания туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Сондай-ақ, үлескерге ҮҚШ-ның электрондық нұсқаларын, бар болған кезде, қосымша келісімдерін, сондай-ақ ҮҚШ-ны тіркеу туралы үзінді көшірмесін жүктеу қол жетімді.
Үлескердің жеке кабинетімен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық
Екінші әдіс – eGov «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы, онда үлескер ҮҚШ бойынша ақпаратты, атап айтқанда, ҮҚШ қол қойылған күнін және нөмерін, үлестің жалпы құнын және құрылыс компаниясы бойынша ақпаратты ала алады.
eGov жеке кабинетімен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық
Осылайша, елімізде үлестік тұрғын үй құрылысы саласын цифрландыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, бұл ел азаматтары үшін онлайн-режимде ҮҚШ бойынша өзекті ақпаратты алуды жеңілдетеді.