Алматы облысында үй кезегінде тұрған 2,7 мыңнан астам адам бекітілген баға бойынша әлеуметтік баспанаға ие болды. Бұл туралы Қонаев қаласының құрылыс салушыларымен кездесу барысында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов мәлім етті. Ол өңірлік өкілдермен бірлескен жұмыстың аралық нәтижелеріне назар аударды, сондай-ақ Бірыңғай тұрғын үй құрылыс операторы жүзеге асырған тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа құралдарын таныстырды.
Олжас Салықов, жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруға бөлек тоқталды. Бұл бағдарламаны Бірыңғай оператор 2016 жылдан бастап әкімдіктер қайтарған қаражатты келесі облигацияларды сатып алуға жұмсап, сол арқылы бөлінген қаражаттың өтелуін және айналымын қамтамасыз ететін «айналмалы» механизм арқылы жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда әкімдік облигациялары жиынтықта 1 097,6 млрд теңгеге сатып алынды.
Алматы облысында қандай нәтижелер бар?
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (жалғыз акционері «Бәйтерек» «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ) деректері бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу есебінен жалпы сомасы 48,2 млрд теңгеге 165,6 мың шаршы метр құрылысты қаржыландыруға қол жеткізді. Нәтижесінде2,7 мыңнан астам кезекте тұрғандар белгіленген бағамен әлеуметтік тұрғын үй алды.
«Сонымен қатар, үлестік құрылысқа кепілдік беру тетігі аясында Қонаев қаласында үш жоба сәтті іске асырылды. Қазір құрылыс барысында бірыңғай оператордың кепілдігі бар тағы бір жоба тұр. Біз қазақстандықтардың қолжетімді бағамен және тәуекелсіз тұрғын үй сатып алуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді Олжас Салықов.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Бірыңғай оператордан кепілдік алу тәртібін жеңілдету және үлестік құрылыстың «сұр» нарығының үлесін азайту мақсатында бірқатар түзетулер әзірлеген болатын. Қазақстанда салынып жатқан тұрғын үй кешені кепілдігі және үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар нысандар туралы ақпаратты homeportal.kz тұрғын үй порталынан білуге болады.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/almatyi-oblyisyinda-27-myinnan-astam-uy-kezegnde-turgan-adam-359595/