Бүгін елордада Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы ұйымдастырған және оның 20 жылдығына орайластырылған «Құрылыс саласының өзекті мәселелері және оны дамыту перспективалары» форумының алаңында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП, құрылыс саласындағы уәкілетті органдардың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері сондай-ақ құрылыс компаниялары кездесті.
Форум бағдарламасында азаматтық құрылыс саласындағы жетекші сарапшылармен екі ауқымды панельдік пікірталас өтті. Бірінші сессия құрылыстағы бүгінгі жағдай мен саладағы өзгерістерге бағытталған мемлекеттің негізгі бастамаларына арналды. Фокус – Мемлекеттік сатып алу тәсілдері, баға белгілеу үрдістері, ипотекалық бағдарламалар, үлестік қатысу саласындағы өзгерістер, құрылыс саласындағы цифрландыру.
«Құрылыс саласын дамыту: проблемалар мен перспективалар» атты екінші пікірталас аясында қатысушылар қалалық аумақтарды кешенді игеру мәселелерін, даму трендтері мен перспективалық бағыттарын, құрылыс бизнесін қолдау құралдарын және басқа да көптеген мәселелерді қозғады.
«Үлестік құрылысты цифрландыру аясында Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы Қазреестрдің жаңа нұсқасын – Qazreestr 2.0 әзірледі. Qazreestr 2.0 негізгі жаңалығы EGOV Mobile қосымшасында ЭЦҚ немесе QR-кодтың көмегімен электрондық ҮҚШ қорытындысы бойынша функционалды онлайн режимде іске асыру, сондай-ақ оларды кейіннен автоматты түрде тексеру және ақпараттық жүйеде тіркеу болып табылады.
Бұл шешім ҮҚШ-ны бұрмалау қаупін азайтуға мүмкіндік береді, сонымен қатар мемлекеттік қызметті алудың ыңғайлылығын арттырады, өйткені ҮҚШ-ны тіркеу мерзімі 3 күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарады. Сонымен қатар, Qazreestr 2.0-де жыл соңына дейін үлескерлерді тартуға, сондай – ақ ТҚК-ға қатысу шарттарын тіркеуге ЖАО рұқсаттарын берудің бизнес-процесін іске қосу жоспарлануда», – деді өз сөзінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алтай Куздибаев.
Анықтама: «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (Жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ) – мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруға, ел халқының сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етілуін арттыруға, оның ішінде құрылыс саласына қолдау көрсетуге бағытталған тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы.
Баспасөз қызметі
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ
+7 7172 797575, ішкі 2720
pr@khc.kz, www.khc.kz