Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін. Құрылысшылар одағы өткізген конференцияда арнайы бұйрықпен төменгі шекті баға шаршы метріне 320 мыңнан 380 мыңға дейін өсірілгені мәлім болды. Құрылыс компанияларының уәжіне сенсек, бұл сома нарықтық шынайы бағадан төмен. Пайда тұрмақ салықтан артылмайды екен. Кезінде «Нұрлы жер» бағдарламасында ол шаршы метріне 160 мың тг көлемінде белгіленіп, үйлер жаппай сапасыз салынған еді. Дегенмен Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы бағаның өсуі барлық жобаларға қатысты емес деп сендірді. Дәлірек айтсақ, «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламаларының қатысушыларына алаңдауға негіз жоқ. Ал өскен баға бюджет есебінен субсидияланып, оның салмағы халыққа емес, бюджетке түсетінін «Отбасы банкінің» төрағасы айтты. Тағы бір мәселе – үлестік құрылыс аясындағы апатты үйлердің реновациясы яғни, ескісін сүріп, жаңасын салу.
Әсем Жеңіс, «Қазақстан Құрылысшылары Одағы» РҚЗТБ сарапшылық бөлімінің жетекшісі:
-Апатты үй тұрғындары баспаналарын сата алмайтынын жақсы түсінеміз, олар нарықтық бағадан әлдеқайда төмен. Есесіне тұрғындар бірнеше есе қымбат өтемақы сұрайды. 15 жылдай бұрын кішкентай жер үйге 2 млн доллар сұрағанына өзім куә болғанмын. Сол үшін тұрғындармен келіссөз жүргізуді әкімдіктерге қалдыруды ұсындық. Бөлмеге бөлме, шаршы метрге шаршы метр қағидатымен, нарықтық кесімді бағамен, жекеменшік бағалаушының қатысуымен мердігер нысанды сатып алуы керек.
Оның сыртында инженерлік инфрақұрылым мәселесі бар. «Бұрын коммуналдық желілер мемлекет есебінен жүргізілсе, кейін бұл міндет мердігердің мойнына артылды»,– дейді құрылысшылар одағындағылар. Олар инженерлік желіні мемлекет тартып берсін немесе соның шығынын өтеп берсін деп отыр. Оның сыртында салықтық жеңілдіктер беру сияқты бұйымтайлары және бар.
Олжас Салықов, «Қазақстан тұрғын-үй компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары:
-Біздегі әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған тетікті мемлекеттік кепілдік деп айтуға болады. Апатты үйдің тұрғыны мүлкін мердігерге тапсырған кезде біздің тараптан кепілдік беріледі және ол тұрғынды дефолттан 100% қорғайды. Қарапайым тілмен айтсақ, ондай жағдайда ол бәрібір өзінің пәтерін алады.
Дереккөз: https://aitystar.khabar.kz/kk/news/kogam/item/164825-zhalga-beriletin-uj-bagasy-ose-me