2025 жылғы 30 қазанда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-да (ҚТҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) үлестік құрылыс нарығы қатысушылары арасында тәжірибе алмасу және диалог жүргізу үшін жыл сайынғы KHC Workshop ауқымды шарасы өтті.
Жыл сайын KHC Workshop жетекші құрылыс салушыларды, мамандандырылған қауымдастықтар, мемлекеттік органдар мен сарапшы қауымдастығының өкілдерін біріктіреді. Іс-шараның мақсаты – тұрғын үй құрылысының өзекті тенденцияларын, заңнамадағы өзгерістерді талқылау, сондай-ақ нарықтың ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған ҚТК-ның жаңа цифрлық шешімдері мен бастамаларын таныстыру.
Биылғы жылы Workshop бағдарламасы үлестік құрылыс саласындағы жаңа өзгерістерге шолу жасауды, ҚТК аналитикалық зерттеулерінің нәтижелерін және сала қатысушыларына арналған инновациялық құралдарды көрсетуді қамтыды.
ҚТК өкілдері компаниядағы Аналитикалық орталығының жұмысы шеңберінде жүргізілген 2025 жылы үлестік құрылыстағы «көлеңкелі» нарық үлесін бағалау қорытындыларын жариялады.
Мәселен, 2025 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы үлестік құрылыстың «көлеңкелі» нарығының үлесі 62,5% құрады, ол салынып жатқан 606 объектінің тек 227-сінде (немесе 37,5%) әкімдіктің тиісті рұқсаты немесе үлескерлердің қаражатын тартуға ҚТК кепілдігі болған. Егер 2024 жылғы ұқсас зерттеудің нәтижелерімен салыстыратын болсақ бұл көрсеткіш 69,6% құраған, 2025 жылы «көлеңкелі» нарық үлесінің 7,1 пайыздық тармаққа төмендеуі байқалады. «Көлеңкелі» нарықтың ең үлкен үлесі (көрсеткіші 100%) Ақтау, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Тараз, Семей, Түркістан, Орал, Павлодар, Қызылорда қалалары мен Бесағаш ауылында тіркелген. Аталған өңірлерде жарнамаланған бірде бір салынып жатқан тұрғын үй кешенінде үлескерлердің қаражатын тартуға ҚТК кепілдігі немесе әкімдіктің рұқсаты болмаған.
Қатысушылар үлестік құрылысты реттейтін заңнамадағы 2025 жылы енгізілген соңғы өзгерістерді талқылауға ерекше назар аударды. ҚТК өкілдері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап үлестік құрылысқа бақылау күшейтілетіні туралы еске салды: қолма-қол ақшасыз есеп айырысу туралы түзетулер, қолма-қол ақшасыз төлем кезінде «Qazreestr» АЖ-да тіркелген ҮҚШ бар-жоғын онлайн тексеру күшіне енеді. Бұл үлескерді қорғау үшін жасалған – құрылыс салушы дефолтқа ұшыраған жағдайда үлесткердің құқықтары сақталатын болады.
ҚТК өкілдері жаңа нормаларды қолданудың практикалық аспектілері туралы айтып, құрылыс салушылардың ашықтығы мен үлескер құқықтарын қорғаудың тәсілдерін көрсететін кейстерді ұсынды.
Талқылаудың тағы бір маңызды тақырыбы – ҚТК мамандарының қатысуымен әзірленген құрылыс салушыларға арналған 1С модулінің презентациясы. Шешім үлестік құрылыс жобаларын жүргізу процестерін автоматтандыруға, есептілікті жақсартуға және нарық қатысушыларына әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Workshop аясында Qazreestr платформасында жаңартылған үлестік құрылыс объектілерін есепке алу мен мониторингтеу процесі, сондай – ақ салаға қатысты сенімді деректер мен талдауды қамтамасыз ететін ҚТК Аналитикалық орталығы жобасының жаңа құралдары таныстырылды. Қазрестр жаңалықтарының бірі әкімдіктерге үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат беру жөніндегі функционалын әзірлеу болып табылады, ол рұқсат берудің ағымдағы бизнес-процесін оңтайландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 2025 жылы «Қазрестр» АЖ тұрғын үй-құрылыс кооперативіне (ТҚК) кіретін пайшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін ТҚК қатысу шарттарын орталықтандырылған есепке алуды енгізді.
Іс-шара «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның 25 жылдығына орай белсенді серіктестерін марапаттау рәсімімен аяқталды.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ үлестік құрылыстың заманауи реттеу құралдары мен серіктестік қатынастарды дамыта отырып, кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастыруда. KHC Workshop іс-шарасын жыл сайын өткізу – ҚТК-ның Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылысының тұрақты дамуына бағытталған шешімдерді бірлесіп әзірлеу мен талқылаудың ашық алаңын құру ұмтылысын айғақтайды.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz






