Құрылыс салушылардың кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау

Жалпы ақпарат

Жеке құрылыс салушылар тарапынан ұсынысты ынталандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктер жеке құрылыс салушыларға беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы әзірленді.

 

Тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

Субсидия алуға қойылатын талаптар

Субсидиялау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5% – дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша Екінші деңгейдегі банктерге берілген, субсидиялау туралы шешім қабылданған кезде қолданыста болатын кредиттер бойынша ғана жүзеге асырылады.

Жыл сайын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен құрылыс салушылардың кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 7% – ын өтеу үшін субсидиялар бөлінеді.

Жеке құрылыс салушы тұрғын үйдің кемінде 50% – ын 1 шаршы метрге белгіленген сату бағасы бойынша ұсынады:

  • 260 мың теңгеге дейін қоса алғанда-Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың қала маңындағы аймақтарында, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында;
  • басқа өңірлерде-220 мың теңгеге дейін.

Жеке құрылыс салушы тұрғын үйді тікелей сату, «Отбасы банк» АҚ қарыздары, Екінші деңгейдегі банктер, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарының бағдарламалары арқылы өткізеді.

Тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тәртібін уәкілетті орган бекітеді.