«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы өкілдері облыстағы құрылыс саласы өкілдерімен кездесті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алтай Күздібаев және өңірдегі құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
Жиында «Үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру және құрылыс салушыларға несиелерді субсидиялау тетіктері» таныстырылды. Құрылыс салушыларға бірыңғай оператордан кепілдік алу талаптары, кепілдік беру кезінде келісімшарттардың барлық түрлерін жасасу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар заңнамада көзделген субсидияларды алуға өтініш беру тәртібі туралы толық ақпарат берілді. «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ заңды тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Айгерім Құрманбаеваның айтуынша, үлестік құрылысты ұйымдастырудың үш тәсілі бар. Олар – бірыңғай оператордың кепілдігі, жобаға «Еуразиялық даму банкінің» қатысуы және қаңқа жобасы. Бірыңғай оператордың кепілдігі бойынша құрылыс салушыларға қойылар бірнеше талаптар бар.
– Тапсырылған тұрғын үй объектілері бойынша құрылыс салушының кем дегенде 3 жыл тәжірибесі, елордада, республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 18 мың шаршы метр, өзге өңірлерде кемінде 9 мың шаршы метр жүргізілген құрылыс нысаны болуы тиіс. Сонымен қатар аудитор растаған қаржылық есептілікке сәйкес соңғы 2 жылда оң капиталға ие болуы шарт.
Уәкілетті компанияға қойылатын талаптарға тоқталып өтсек. Компания жалғыз қатысушы – құрылыс салушы болуы тиіс. Мұнымен қоса жер учаскесінің болуы да маңызды рөл атқарады. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаты болуы шарт, – дейді А.Құрманбаева.
Баянамадан соң қатысушылар үлестік құрылыс бизнесі үшін жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарды талқылады. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, назарға ұсынылған жобалар өңір құрылысшылары үшін әлі де болса тиімсіз.
– Шаһарымызда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Өздеріңіз білетіндей, 14-ықшамаудан салынбақ. Жаңа ықшамауданның орналасқан жері сіздер ұсынып отырған талаптарға сәйкес келмейді. 14-ықшамаудан Талас өзеніне жақын орналасқандықтан ол жерге биік ғимараттар салу қауіпті әрі мүмкін емес. Ықшамауданда 3, ары кетсе 5 қабатты үйлер салынады. Тағы бір айта кетерлігі, жақында жаңа ықшамауданда құрылыс жүргізу үшін аукцион өткізілгелі жатыр. Сатып алынған жерді қайта сатуға тыйым салынған.
Қаладағы 20 үйдің құрылысы мемлекет қолдауымен салынса, 50 үй құрылыс салушылардың күшімен тұрғызылады, – деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, осы жылдың 23 қаңтарынан бастап «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы кепілдік алу құжаттары 2 есеге қысқарды. Бұйрыққа өзгертулер қабылданғанға дейін құжаттар саны 43 болса, қазіргі уақытта 23-ке қысқарды.
Тұрғын үй құрылысы саласын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қойылған міндеттердің тиімділігін арттыру мақсатында аталған акционерлік қоғам тұрақты түрде ақпараттық қамту арқылы еліміздің өңірлеріндегі негізгі мақсатты аудиториялар арасында жұмысты жалғастырады.
Дереккөз: https://arainfo.kz/2023/07/21/tyrghyn-yj-qyrylysynyn-tyjtkilderi-talqylandy/