Орал қаласында үлескерлердің қаржысын заңсыз тартқан құрылыс компанияларына айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.
Орал қаласы прокурорының орынбасары Алмас Оңаевтың мәлім еткеніндей, талдау барысында осындай 24 құрылыс салушы анықталды.
Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде прокурорлық қадағалау актісі бойынша 10 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 млн астам теңге айыппұл өндірілді.
«Қала прокуратурасы «Строй Техно Групп» ЖШС, «СВС Батыс» ЖШС, «АТМ Group Kazakhstan» ЖШС, «БизнесПлан» ЖШС, «СапарСтройАзия» ЖШС, «КМТ-СитиСтрой» ЖШС, «Alim Construction LTD» ЖШС, «АТЖ2» ЖШС-ның заңнаманың белгіленген талаптарына қайшы, көп қабатты тұрғын үйді салу кезінде тиісті рұқсатсыз ниет шартын жасасу және аванс алу жолымен тұрғын үйді сату үшін жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын тартқанын анықтады. Қала прокуратурасының қадағалау актісін қарау нәтижесінде жергілікті атқарушы органмен аталған серіктестіктерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысынан 517,5 мың теңгеден өндірілді. Оған қоса келісімшарт жасасу тоқтатылды», дейді А.Оңаев.
Оның айтуынша, үлестік қатысудың басты артықшылығы – дайын мүлікке қарағанда қолжетімді баға. Алайда егер құрылыс салушы мен үлестік құрылыс объектісі тексерілмесе, үй сатып алу қиынға соғуы мүмкін.
Құрылыс кезеңінде тұрғын үй сатып алғысы келетін үлескерлер өз құқықтарын білмегендіктен, қиындыққа тап болуы ықтимал. Құрылыс салушыда келесі құжаттардың болуын тексеру қажет:
— құрылысқа рұқсат,
— жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар,
— жобалау-сметалық құжаттама,
— құрылысқа қатысушы компаниялардың лицензиялары,
— компанияның жарғысы және құрылтай шарты.
«Салынып жатқан тұрғын үйді сатып алмас бұрын, құрылыс салушылардан барлық рұқсат құжаттарын талап етіп, ақпаратты екі рет тексеру қажет. Сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу кезінде үлестік қатысу шарты ғана жасалуы тиіс (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың үлгілік нысаны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 28 шілдедегі №345 бұйрығымен бекітілген). Үлестік қатысу шартына қол қойылғаннан кейін құрылыс салушы құжатты әкімдікте «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге міндетті», дейді қала прокурорының орынбасары.
Оның түсіндіруінше, шарт тіркелген кезде төлем үшін негіз болатын үзінді көшірме беріледі. 2023 жылы «Тұрғын үй порталы» базасында үлескерлердің жеке кабинеті іске қосылды, онда үлестік құрылысқа қатысушы өзінің үлестік қатысу шартын тіркеу фактісін және үзінді көшірменің болуын тексере алады.
Барлық тексерулерден кейін де кепілдік жағдайы орын алуы мүмкін, мысалы, енгізу мерзімі бұзылады, үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдалану анықталады, құрылыс салушы банкрот деп танылады.
Мұндай жағдайларда «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысын аяқтауды қаржыландырады және үлескерге өз пәтерін алуға кепілдік беріледі.
Источник: https://kaz.inform.kz/news/oralda-uleskerlerdn-karzhisin-zansiz-tartkan-kurilis-kompaniyalarina-ayippul-salindi-ba9c12/