«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК) «Тұрғын үй порталы» ақпараттық жүйесі негізінде үлескерлердің жеке кабинетін іске қосты (https://www.homeportal.kz/).
Үлескерлердің жеке кабинеті азаматтарға өздерінің үлестік қатысу шартын (ҮҚШ) «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеу фактісін тексеруге мүмкіндік береді.
Әрбір әлеуетті үлескер «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылыс салушылар әкімдіктің рұқсатын немесе ҚТК кепілдігін алғаннан кейін ғана құрылыс кезеңінде олардың қаражатын тарта алатынын білуі керек. Бұл ретте сатып алушымен міндетті түрде бекітілген үлгілік нысанға сәйкес, кейіннен оны Қазреестрде тіркей отырып, ҮҚШ жасалуы тиіс. ҮҚШ сәтті тіркелген кезде үлескермен мәміле біздің еліміздің заңнамасы шеңберінде жасалғанын растау болып табылады.
Құрылыс салушымен қандай да бір құжаттарға қол қоймас бұрын бұл маңызды ақпарттарды білген жөн, өйткені кейбір компаниялар брондау, алдын ала сатып алу-сату, инвестициялау және т.б. шарттар жасасу сияқты заңсыз тәсілдермен үлескерлердің қаражатын тартады. Егер үлескерлермен осындай шарттар жасалған болса, онда тұрғын үй алуға кепілдік жоқ.
Үлескерлердің жеке кабинеті онлайн режимінде ҮҚШ бойынша өзекті ақпаратты ұсынады, сондай-ақ мұнда тұрғын үй кешені, құрылыс салушы, уәкілетті компания туралы деректерді көруге болады.
Сонымен қатар, үлескерлер үшін ыңғайлы болу мақсатында Жеке кабинетте ҮҚШ-тың, болған жағдайда қосымша келісімдерді, сондай-ақ ҮҚШ-тың есептік жазбаларының электрондық нұсқаларын көшіріп алу мүмкіндігі іске асырылды.
Үлескерлердің жеке кабинетімен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық