Қазақстан тұрғын үй компаниясы 2023 жылы клиенттеріне 116,7 млн теңге көлемінде кредит берген. Бұл туралы Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының қаржы есептілігінде жазылған.
Бұл кредит құрамына коммерциялық банктер мен кредиттік ұйымдардан сатып алынған ипотекалық несие мен жеке тұлғаларға берілген ипотекалық қарыз кіреді
Қазақстан тұрғын үй компаниясы 2023 жылы 139,6 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алған.
Бір облигацияның құны -1 000 теңге. Жалпы 139,6 млн дана облигация сатып алынған. Тұрғын үй компаниясының жергілікті әкімдіктерден сатып алынған облигацияларының өтеу мерзімі – 2024-2025 жылдар.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» – еліміздегі бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы. Компания 2023 жылы 41,85 млрд теңге таза пайда тапқан. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингіне таза пайдасынан 29,3 млрд теңге дивиденд төлемек. 2022 жылы Қазақстан тұрғын үй компаниясының төлеген дивиденді 31,3 млрд теңгені құраған.
Компания бұған дейін еліміздегі үлестік құрылысқа қатысты бар тұрғын үйлердің 68%-ы заңсыз салынғанын жариялаған болатын.
«Бәйтерек» холдингі тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 839 млрд теңгеге әкімдіктердің облигацияларын сатып алмақ. Бұл қаржыға 7,6 млн шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй салынады.
Ал «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ мүдделі мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 272 млрд теңге сомасына жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жөніндегі бағдарламаны іске қосатынын хабарлаған.