Салынып жатқан тұрғын үйге инвестиция салу – капиталды сақтаудың және көбейтудің тәсілі. Алайда, ықтимал пайдаға кепілдік берілмейді: объектілерді пайдалануға беру мерзімдері кейінге шегерілуі, нарықтағы баға төмендеуі, ал салынған қаражатты қайтару қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан сатып алуды жүргізбес бұрын негізгі тәуекелдерді бағалау маңызды.
Құрылыс салушының сенімділігін тексеріңіз
Компанияның тарихын, бұрын іске асырған жобаларын, құрылыс мерзімі сақталуын және сот даулары бар-жоғын тексеріңіз.
Үлескерлердің қаражатын тартуға заңды негіздердің бар екеніне көз жеткізіңіз. Қазақстанда заңнамада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың мынадай үш тәсілі көзделген:
- құрылыс салушыда тұрғын үй құрылысын аяқтауға Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы кепілдігі болуы;
- жобаға екінші деңгейдегі банк қатысқан кезде құрылыс салушыда үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдік рұқсатының болуы;
- ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс салушыда үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдік рұқсатының болуы.
ҚТК кепілдігі немесе әкімдіктің үлескерлер қаражатын тартуға рұқсатының бар-жоғын homeportal.kz тұрғын үй порталынан тексеруге болады. Шартты зерделеп шығыңыз
Мәмілені ресімдеуге қойылатын заңнамалық талаптарды сақтаңыз
Құрылысы аяқталмаған тұрғын үй сатып алған кезде үлестік қатысу шартын (ҮҚШ) жасасу қажет, ол «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде міндетті түрде тіркелуге тиіс.
ҮҚШ-ға қол қоймас бұрын пәтердің құнын, объектіні пайдалануға беру мерзімін, төлем тәртібін, тараптардың жауапкершілігін және қаражатты қайтару талапшарттарын тексеріңіз. Менеджерлердің ауызша уәделеріне ғана сенім артпаңыз. Қажет болған жағдайда тәуелсіз заңгерге жүгініңіз.
ҮҚШ бойынша есеп айырысу тек қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілуге тиіс.
Сондай-ақ, салынып жатқан тұрғын үйге ипотекалық қарыз ресімдеген кезде банктердің «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде тіркелген ҮҚШ-тың бар-жоғын тексеретінін есте ұстаған жөн.
ҚР заңнамасының бұл талаптары қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге, үлескерлердің қаражатын пайдалануды бақылауға, олардың құқықтарын қорғауға және заңсыз ақша тарту тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Ықтимал кірістілікті есептеңіз
Пәтер құнының ықтимал өсуін ғана емес, сонымен қатар ресімдеуге, ипотекаға, жөндеуге, салық пен тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған шығыстарды да ескеріңіз. Объектінің бағасын нарықтағы ұқсас ұсыныстармен салыстырыңыз. Сатушы уәде еткен жоғары кірістілік нақты пайда табуға кепілдік бермейтінін есте сақтаңыз.
Өзіңіздің қаржы мүмкіндіктеріңізді бағалаңыз
Бүкіл жинақ ақшаңызды бір жобаға салмай, күтпеген шығыстарға резерв сақтаңыз. Егер кредитке үй сатып алып жатсаңыз: құрылыс кідіртілген немесе кіріс азайған жағдайда кредит міндеттемелерін орындай алу мүмкіндігіңізді алдын ала бағамдап алыңыз.
Қауіп тудыратын белгілерге назар аударыңыз
Құжаттарды ұсынудан бас тарту, ақшаны шұғыл аударуды талап ету, қолма-қол ақшаға сатып алуды ұсыну, ҮҚШ орнына басқа шарттарды жасасу, «Қазреестрде» шарт тіркелмеуі, қаражатты делдалдың жеке шотына аудару және кепілдік берілген жоғары пайда туралы уәделер — мәмілені тоқтата тұрып, қосымша тексеру жүргізуге негіз бола алады.
Басты қағида: салынып жатқан тұрғын үйге инвестиция салмас бұрын, құрылыс салушыны және оның құжаттарын тексеріңіз, барлық шығыстарды есептеп, ықтимал шығындарды бағалаңыз. Ойластырылған қадам қаржылық тәуекелдерді азайтуға және неғұрлым негізделген инвестициялық шешім қабылдауға көмектеседі.
Материал тек ақпараттық сипатқа ие және жеке инвестициялық немесе заңдық ұсыным емес.