Бағдарлама шарттары

Сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламасы

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жобаларын іске асырады.

Бағдарлама шарттарына сәйкес тұрғын үй жалға беріледі, шарт талаптары орындалған жағдайда жалға алушының меншігіне өтеді.






Бағдарламаның басты шарттары:

  • Сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 3,1%;
  • Жалға алу мерзімі — 20 жылға дейін;
  • Жалға алу мерзімі аяқталған кездегі жалға алушының жасы — зейнеткерлік жастан аспауы тиіс (асқан жағдайда кепілгер тарту қажет);
  • Бастапқы жарна — талап етілмейді;
  • Өтінімді қарастыру үшін комиссия — жоқ;
  • Төлем түрі — аннуитеттік;
  • Қалдық құны бойынша мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған;
  • Жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді;
  • Коммуналдық қызметтер және мүлік салығы жеке төленеді.

Кім қатыса алады

«Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына қатысу келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар

Қолжетімді пәтерлер болған жағдайда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ тиісті ақпаратты «Отбасы банк» АҚ-на жолдайды.

«Отбасы банк» АҚ өзінің ресми интернет-ресурсында «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы жариялайды. Хабарландыруда тұрғын үй объектісі, қатысу шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар, өтінімдерді қабылдаудың басталу күні мен мерзімі туралы ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ бұл ақпарат «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Өтінімдер Baspana Market порталы арқылы онлайн форматта қабылданады.

Өтінімдерді қабылдау қорытындысы бойынша «Отбасы банк» АҚ тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күніне сәйкес үміткерлерді іріктеуді жүзеге асырады және төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізу үшін іріктеуден өткен үміткерлердің қалыптастырылған тізімін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-на жолдайды.

МАҢЫЗДЫ: Өтінімді Baspana Market порталы арқылы тек сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй іске асырылатын облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана шегінде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар ғана бере алады.

 

2. Мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жұмыскерлері

Бағдарламаға «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен тиісті ұйымдар арасында жасалған келісімдер (меморандумдар) шеңберінде қатыса алады:

  • мемлекеттік заңды тұлғалардың «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған қызметкерлері;

  • жасалған келісімнің (меморандумның) талаптарына сәйкес мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жұмыскерлері.

Қолжетімді пәтерлер болған жағдайда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру туралы келісімдер (меморандумдар) жасалған мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиісті ақпаратты жолдайды.

Үміткерлерді іріктеуді жұмыс беруші ұйым келісімнің (меморандумның) талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

Іріктеуден өткен үміткерлердің қалыптастырылған тізімдері төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізу үшін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ға жолданады.

МАҢЫЗДЫ: Бағдарламаға қатысу, іріктеу шарттары және үміткерлер тізіміне енгізілу мәселелері бойынша өз жұмыс берушіңізге жүгіну қажет.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді қалай алуға болады

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алу үшін келесі кезеңдерден өту қажет:

  • Бағдарлама үміткерлерінің тізіміне енгізілу;
  • «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-нан шақыру алу;
    МАҢЫЗДЫ: Шақырусыз келесі кезеңдерге өту мүмкін емес
  • Онлайн өтінім беру;
  • Төлем қабілеттілігін бағалаудан өту;
  • Мақұлдау алу және пәтерді брондау;
  • Таңдалған пәтерді барып көру және тұрғын үй алуға өтінішке қол қою;
  • Сатып алу құқығымен жалға беру шартын жасасу және оны тіркеу;
  • Пәтерді қабылдау-тапсыру актісіне қол қою және қоныстану.

Толығырақ ақпарат Үміткерлерге арналған жадынамада.

Өтінімді қалай беру керек

Үміткерлер тізімі келгеннен кейін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ үміткерлерге өтінім беру қажеттілігі туралы шақыру (хабарлама) жібереді.

Үміткер:

  • SMS және/немесе электрондық пошта арқылы шақыру (хабарлама) алады;
  • хабарламаны (хабарламаны) алған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде Тұрғын үй порталындағы жеке кабинет арқылы өтінім толтырады;
  • Қажетті құжаттар тізіміне сәйкес құжаттарды жүктейді;
  • ЭЦҚ кілті арқылы келісімдерге қол қойып, өтінімді қарастыруға жолдайды.

Компания өтінімді қарастыруға қажетті қосымша құжаттар сұрата алады.

Өтінім берудің толық тәртібі Жалға берілетін тұрғын үйге өтінім беру жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген.

Кеңес алу үшін байланыс телефондары

+7 (7172) 79 75 75 ішкі 3217, 3213, 3277, 3204