Жиі қойылатын сұрақтар

1. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ бағыты бойынша «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына кімдер үміткер бола алады?

«Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына қатысуға үміткер бола алады:

- «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары және қандастар;

- жасалған келісімдер (меморандумдар) шеңберінде қалыптастырылған тізімдер бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қызметкерлері.

2. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінімді қай жерде беруге болады?

Өтінім «ҚТК» АҚ-ның «Тұрғын үй порталы» ақпараттық жүйесіндегі үміткердің жеке кабинеті арқылы беріледі. Өтінімді Компаниядан SMS-хабарлама және/немесе электрондық пошта арқылы хабарлама алғаннан кейін ғана беруге болады.

3. «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына қайтадан қатысуға бола ма?

Егер қатысушы бұған дейін осы бағдарлама бойынша тұрғын үй алған болса, онда қайта қатысуға рұқсат етілмейді.

4. Құжаттар қандай мерзімде қаралады?

Компания үміткердің төлем қабілеттілігін бағалауды құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады және бағалау нәтижелері туралы хабарлама береді.

5. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді субарендаға берген жағдайда қандай шаралар қолданылады?

Жалға алушы жалдамалы тұрғын үйді тек өзi және отбасы мүшелерінің тұруы үшін пайдалануға міндетті. Үшінші тұлғалардың (жалға алушының отбасы мүшелері/жақын туыстары болып табылмайтын) тұруы тұрғын үйді субарендаға беру фактісі ретінде қарастырылады.

Субаренда фактісі расталған жағдайда, сатып алу құқығымен жасалған жалға беру шартының талаптарына сәйкес Компания жалға алушыға екі айлық жалдау төлемі мөлшерінде айыппұл салады.

Жалдамалы тұрғын үйді қайтадан субарендаға берген жағдайда, Компания шарттың талаптарын бұзу ретінде жалға беру шартын бұзуға құқылы.

6. Өтінімді қарастыру үшін комиссия белгіленген бе?

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй алуға өтінімді қарастыру үшін комиссия алынбайды.

7. Жалдау төлемдерін төлеу немесе салықтар бойынша шығындарды өтеу мерзімі кешіктірілген жағдайда жалға алушы қандай жауапкершілікке тартылады?

Жалдау төлемдерін төлеу немесе салықтар бойынша шығындарды өтеу бойынша мерзімі өткен берешек туындаған жағдайда жалға алушы әрбір кешіктірілген күн үшін мерзімі өткен берешек сомасынан 0,2 % (нөл бүтін оннан екі пайыз) мөлшерінде өсімпұл (айыппұл) төлеуге міндетті. Жалдамалы тұрғын үй бойынша жалдау төлемдерін, коммуналдық және пайдалану қызметтерін уақтылы төлемеу, сондай-ақ салықтар бойынша шығындарды уақтылы өтемеу –сатып алу құқығымен жалға беру шартының талаптарын бұзу болып есептеледі және шартты бұзу үшін негіз болып табылады.

8. Жалға алушының басқа жалдамалы тұрғын үй нысанына көшуге құқығы бар ма?

Жалға алушыны басқа жалдамалы тұрғын үй нысанына, оның ішінде аумағы үлкен немесе кіші тұрғын үйге көшіру қарастырылмаған және рұқсат етілмейді.

9. Жалдамалы тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алу қандай мерзім өткеннен кейін мүмкін болады?

Тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алу шарт тіркелген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн өткен соң, коммуналдық және пайдалану қызметтері бойынша берешек болмаған жағдайда мүмкін болады.

Мерзімінен бұрын сатып алу тұрғын үйдің қалдық құнын және нақты есептелген сыйақыны толық төлеу арқылы жүзеге асырылады.

10. Жалдау төлемінің мөлшері қалай анықталады?

Жалдау төлемінің мөлшері тұрғын үй ауданын, жалдау мерзімін және қосылған құн салығын (ҚҚС) ескере отырып есептеледі.

11. Коммуналдық қызметтер мен салықтар бойынша шығындар жалдау төлеміне кіре ме?

Коммуналдық қызметтер мен салықтар бойынша шығындарды жалға алушы жалдау ақысынан бөлек төлейді.

12. Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін не болады?

Жалға алушы жалдау шарты бойынша міндеттемелерді толық және тиісінше орындаған жағдайда, жылжымайтын мүлікті беру шартын жасасу арқылы тұрғын үйді оның меншігіне беру жүзеге асырылады.

13. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді жалдау шарты жасалғаннан кейін кепілгерді шығарып тастауға немесе ауыстыруға бола ма?

Кепілгерді шығарып тастауға және/немесе ауыстыруға жалға беру шарты жасалған күннен бастап 1 (бір) жыл өткеннен кейін ғана жол беріледі.