Кредит ресімдеген кезде қарыз алушылар көбінесе пайыздық мөлшерлемеге назар аударады. Дәл сол мөлшерлеме кредиттің қаншалықты тиімді болатынын анықтайтындай көрінеді. Алайда, нақты шығыстарды бағалау үшін жалғыз сан жеткіліксіз.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) дегеніміз не екенін, оның номиналды пайыздық мөлшерлемеден айырмашылығын және ақырында қанша соманы артық төлеуге тура келетінін түсіну маңызды.
Кредит ұсыныстарын салыстыруға және сарапталған қаржылық шешім қабылдауға көмектесетін үш негізгі көрсеткішті талқылайық.
1. ЖТСМ: шын мәнінде кредиттің құны қанша
ЖТСМ пайыздық төлемдер мен қарызды алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты қосымша шығыстарды ескере отырып, кредиттің жылдық мәніндегі құнын көрсетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, ЖТСМ тек номиналды мөлшерлемені ғана емес, сонымен қатар есепке алынатын басқа да төлемдерді ескере отырып, кредиттің құнын бағалауға мүмкіндік береді.
Мысалы, екі банк кредитті бірдей номиналды мөлшерлемемен ұсынуы мүмкін, бірақ оның комиссиялары және қосымша шығыстары әртүрлі болады. Нәтижесінде осы ұсыныстар бойынша ЖТСМ әртүрлі болуы мүмкін.
Бұл неліктен маңызды?
ЖТСМ кредит ұсыныстарын салыстырмалы түрде тексеруге мүмкіндік береді. Басқа талапшарттар тең болған жағдайда, бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, қарыз соғұрлым қымбатқа түседі.
Бұл ретте ЖТСМ-ді артық төлем сомасымен шатастырмау керек: мөлшерлеме жылдық пайызбен, ал артық төлем — теңгемен көрсетіледі. Оның үстіне, қарыз алушының барлық ықтимал шығыстары міндетті түрде ЖТСМ есебіне кірмейді, сондықтан шарт талаптарын бәрібір мұқият зерделеу қажет.
2. Пайыздық мөлшерлеме: ақшаны пайдаланғаныңыз үшін қанша төлейсіз
Пайыздық мөлшерлеме — бұл қарыз қаражатын пайдаланғаны үшін төленетін ақының мөлшері. Әдетте, ол жылдық пайызбен көрсетіледі және кредит шартының талаптарына сәйкес берешек қалдығына қолданылады.
Мысалы, егер адам жылдық 20% мөлшерлемемен 1 000 000 теңгеге кредит алса, бұл оның бір жылда дәл 200 000 теңге пайыз төлейтінін білдірмейді. Нақты сома кредиттің мерзіміне, өтеу кестесіне, пайызды есептеу тәсіліне және негізгі қарыздың азаю жылдамдығына байланысты.
Стандартты аннуитет кестесі бойынша ай сайынғы төлем, әдетте бірдей мөлшерде қалады, бірақ оның құрылымы өзгереді: мерзімнің басында төлемнің едәуір бөлігі пайыздарға келеді, ал уақыт өте келе негізгі қарызды өтеудің үлесі ұлғаяды.
Сараланған кесте бойынша негізгі қарыз тең үлестермен өтеледі, сондықтан төлем мөлшері біртіндеп азаяды.
Шартқа қол қояр алдында неге назар аудару керек?
- Номиналды мөлшерлеме. Қосымша шығыстарды толық есепке алмастан, кредит бойынша пайыз мөлшерін көрсетеді.
- Тіркелген немесе айнымалы мөлшерлеме. Кредиттеу мерзімі ішінде мөлшерлеме өзгеруі мүмкін бе, соны түсінуге мүмкіндік береді.
- Төлем кестесі. Ай сайынғы төлемдердің мөлшерін және төлемдердің негізгі қарыз бен пайыздар арасындағы бөлінуін көрсетеді.
- Мерзімінен бұрын өтеу талапшарттары. Кредитті мерзімінен бұрын өтеу немесе негізгі қарызды азайту қорытынды шығыстарға әсер етуі мүмкін.
Мынаны есте ұстау маңызды: төмен номиналды мөлшерлеме өзінен-өзі тиімді талапшарттарға кепілдік бермейді. Оны әрдайым ЖТСМ, кредит мерзімі және қосымша шығыстармен бірге бағалаңыз.
3. Артық төлем: кредит сомасынан артық қанша ақша төлейсіз
Артық төлем — бұл кредит бойынша төлемдердің жалпы сома мен бастапқы қарыз сомасы арасындағы айырма. Сонымен қатар, кредиттің толық құнын есептеу кезінде, егер комиссия, сақтандыру ақысы және басқа да шығыстар төлем сомасына енгізілмесе немесе шарт бойынша төлемдердің құрамына кірмесе, оларды бөлек есепке алу маңызды.
Шартты мысалды қарастырайық
Айталық, адам жылдық 12 ай мерзімге 20% мөлшерлемемен 1 000 000 теңгеге кредит ресімдеді делік. Мөлшерлеме бекітілген, төлемдер аннуитеттік, пайыз ай сайын есептеледі, ал қосымша комиссиялар мен сақтандыру ақылары жоқ деп шамалайық.
Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 92 600 теңге болады. Бір жылда қарыз алушы шамамен 1 111 200 теңге төлейді.
Осылайша, пайыз бойынша артық төлем шамамен 111 200 теңгеге жуықтайды.
Бұл шамамен алынған есеп. Нақты сомалар пайызды есептеу тәртібіне, төлемдерді дөңгелектеуге және нақты кредит шартының талаптарына байланысты өзгеше болуы мүмкін.
Егер кредит неғұрлым ұзақ мерзімге ресімделсе, ай сайынғы төлем ыңғайлы болып көрінгенімен, жиынтық артық төлем айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Неліктен тек ай сайынғы төлемге ғана сенуге болмайды?
Банк ай сайынғы төлемнің мөлшерін кредит мерзімін ұзарту есебінен азайтуды ұсынуы мүмкін. Нәтижесінде ағымдағы жүктеме төмендейді, алайда төлемдердің жалпы сомасы айтарлықтай өсуі мүмкін.
Сондықтан қарызды ресімдемес бұрын өзіңізге мына үш сұрақты қоюыңыз керек:
- Ай сайын қандай соманы төлеймін?
- Бүкіл кредиттеу мерзімі ішінде қанша ақша төлеймін?
- Бастапқы қарыздан артық қанша ақша төлеймін?
Жауаптар нақты қаржылық жүктемені түсінуге көмектеседі.
Кредит ұсыныстарын қалай дұрыс салыстыруға болады
Қолайлы нұсқаны таңдау үшін кредит сомасы бірдей және өтеу мерзімі салыстыруға келетін банктердің ұсыныстарын салыстырып тексеріңіз.
Келесі көрсеткіштерге назар аударыңыз
- ЖТСМ: есептеу әдістемесінде көзделген шығыстар ескеріле отырып, кредиттің тиімді жылдық құны.
- Пайыздық мөлшерлеме: қарыз қаражатын пайдаланғаны үшін төленетін ақының мөлшері.
- Ай сайынғы төлем: ай сайын төленуі керек сома.
- Төлемдердің жалпы сомасы: бүкіл кредит мерзімі ішінде қанша ақша төленеді.
- Артық төлем: қарыз алушы бастапқы қарыз сомасынан артық қанша ақша төлейді
Сонымен қатар, сақтандыру ақысы, комиссия және басқа да міндетті шығыстар есепке алынған-алынбағанын нақтылаңыз. Егер олар бөлек төленетін болса, ұсыныстарды салыстыру кезінде оларды ескеріңіз.
Өз бюджетіңізді бағалау да үлкен маңызға ие. Егер ай сайынғы төлемнен күнделікті шығыстар мен күтпеген жағдайларға тым аз қаражат қалатын болса, тіпті тартымды ЖТСМ-і бар кредит те қолайсыз болып шығуы мүмкін.
Қорытынды: шешім қабылдауға көмектесетін үш сан
Кредит ресімдемес бұрын оның талапшарттарын жан-жақты қарастыру маңызды.
ЖТСМ кредит ұсыныстарының тиімді құнын салыстыруға көмектеседі.
Пайыздық мөлшерлеме қарыз қаражатын пайдаланғаны үшін төленетін ақының мөлшерін көрсетеді.
Артық төлем алынған сомадан артық қанша ақша төлеуге тура келетінін көрсетеді.
Бұл көрсеткіштердің ешқайсысын қалғандарынан бөлек қарастыруға болмайды. Тек оларды ай сайынғы төлемнің мөлшері, кредиттеу мерзімі және шарт талаптарымен салыстыру арқылы ғана ұсынысты объективті түрде бағалауға болады.
Басты қағида: кредит шартына қол қоймас бұрын, ай сайынғы төлемнің мөлшерін ғана емес, сонымен қатар кредиттің жалпы құнын да түсінетініңізге көз жеткізіңіз. Бұл күтпеген шығыстардан аулақ болуыңызға және өзіңіздің қаржы мүмкіндіктеріңізге сәйкес келетін қарызды таңдауыңызға көмектеседі.
Материал тек ақпараттық сипатқа ие және жеке инвестициялық немесе заңдық ұсыным емес.