Қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алу кезінде ақшаңыздан қалай айырылып қалмау керек: қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары

Қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алу кезінде ақшаңыздан қалай айырылып қалмау керек: қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары

Пәтер немесе үй сатып алу — өмірдегі ең ірі қаржылық мәмілелердің бірі. Қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алғанда тек алаяқтардың кесірінен ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүлікке қатысты заң проблемалары, жасырын қарыздар, шарттағы қателер немесе дұрыс ұйымдастырылмаған есеп айырысу салдарынан да ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.

Басты қағида: алдымен жылжымайтын мүлікті, сатушыны және құжаттарды тексеріңіз — содан кейін ғана ақшаны беріңіз. Тіпті баспана бағасы көңілге қонымды болса да, сатушы сенімді болып, мәмілені бір күнде ресімдеуге уәде берсе де, жоғарыда айтылғандарды тексеріп алыңыз.

1. Жылжымайтын мүлікті және сатушыны тексеріңіз

  • Меншік құқығын тексеріңіз

Сатушының деректерін жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттармен салыстырыңыз.

  • Ауыртпалықтардың бар-жоғын біліп алыңыз

Тұрғын үй кепілге қойылған ба немесе оған тыйым салынған ба, оны иеліктен шығаруға тыйым салынбаған ба, сот даулары және мәмілеге кедергі келтіруі мүмкін басқа да мән-жайлардың бар-жоғын тексеріңіз. Егер тұрғын үй ипотекада болса, оны өтеу және кепілді алып тастау тәртібін алдын ала келісіңіз.

  • Тұрғын үйге тағы кімнің құқығы бар екенін анықтаңыз

Ортақ иеленушілердің, жұбайының, кәмелетке толмаған меншік иелерінің, тіркелген тұрғындардың және сату кезінде келісімі немесе құқықтары ескерілуі қажет болатын адамдардың бар-жоғын нақтылаңыз.

Мессенджерлерде құжаттардың фотосуреттерін жібертумен шектелмеңіз. Өзекті мәліметтерді, түпнұсқаларды немесе электронды құжаттарды ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.

2. Шартты мұқият зерделеп шығыңыз

Шартқа қол қоймас бұрын, онда мыналар:

  • тұрғын үйдің толық құны және ақы төлеу тәртібі;
  • алдын ала төлемнің мөлшері, мақсаты және оны қайтару шарттары;
  • мәмілені ресімдеу және кілттерді табыстау мерзімдері;
  • міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
  • бар болса, ауыртпалықтарды алып тастау тәртібі;
  • меншік құқығын мемлекеттік тіркеу болмаған жағдайда тараптардың іс-қимыл жасау тәртібі нақты көрсетілгеніне көз жеткізіңіз.

Кепілақы мен алғытөлемді ажырата білу маңызды: бұл ұғымдардың құқықтық салдары, соның ішінде тараптардың бірі мәміледен бас тартқан жағдайда әр алуан болады. Шарт талаптары түсініксіз болса, оған қол қоймаңыз.

Егер шарт сатушының үлгісі бойынша жасалған болса, бұл оның сіздің мүдделеріңізді қорғайтынын білдірмейді. Қажет болған жағдайда тәуелсіз заңгерлік кеңеске жүгініңіз.

3. Ақшаны тексермей аудармаңыз

Бұл ең маңызды кезеңдердің бірі. Қаржылық тәуекелдерді азайту үшін:

  • ірі көлемдегі кепілақыны құжатпен ресімдемей аудармаңыз;
  • заңды негіздерсіз делдалдардың немесе үшінші тұлғалардың жеке шоттарына ақша аудармаңыз;
  • салықтарды немесе басқа да шығыстарды азайту үшін шартта тұрғын үйдің құнын төмендетіп көрсетуге келіспеңіз;
  • шарт талаптары орындалғанша толық соманы табыстамаңыз;
  • банк аударымдарының скриншоттарына сенбеңіз — ақшаның нақты түскенін тексеріңіз.

Ақшаны табыстау заңды түрде расталған мәмілені ресімдеумен байланысты болатын есеп айырысу тәртібін сатушымен және банкпен алдын ала келіскен қауіпсіздеу. Елге және жағдайларға байланысты бұл банк аккредитиві, эскроу немесе басқа қорғалған тетік болуы мүмкін.

4. Сатып алудың толық құнын есептеңіз

Жылжымайтын мүліктің хабарландырудағы бағасы әрдайым шығыстардың түпкілікті сомасы бола бермейді. Мыналарды:

  • мәміленің ресімделуін: нотариалды және тіркеу төлемдерін;
  • объектіні тексеруді: заңгерлік кеңестерді және қажет болған жағдайда техникалық сараптаманы;
  • ипотеканы: бастапқы жарнаны, банк талапшарттары бойынша пайызды, сақтандыру мен комиссияны;
  • сатып алғаннан кейінгі шығыстарды: жөндеу, жиһаз, көшу және коммуналдық төлемдерді алдын ала ескеріңіз.

Күтпеген шығыстарға қосымша қаржы сақтаңыз. Мәміле жасалғаннан кейін бірнеше айға арналған міндетті шығыстарға қаражат жетпейтін жағдайда, барлық жинақ ақшаңызды тұрғын үй сатып алуға жұмсамаңыз.

5. Түпкілікті есеп айырысу алдында пәтерді тексеріңіз

Тұрғын үйді жеке өзіңіз немесе объектінің жай-күйіне күмән туындаса, маманмен бірге қарап тексеріңіз.

Нақты жайғасымды техникалық құжаттамамен салыстырып, инженерлік коммуникациялардың, терезелер мен сантехниканың жай-күйін тексеріңіз. Коммуналдық төлемдер бойынша берешектің бар-жоғын нақтылаңыз.

Пәтердің жай-күйін және есептегіштердің көрсетімдерін қабылдау-тапсыру актісіне тіркеңіз. Тұрғын үйді босату және кілттерді табыстау мерзімдерін алдын ала келісіңіз.

Сондай-ақ, меншік құқығының белгіленген тәртіпте тіркелгеніне көз жеткізіп, жаңа меншік иесі туралы тіркеу растамасын алыңыз.

Күмән тудыратын мән-жай

Қай кезде мәмілені тоқтатқан дұрыс:

  • сатушы асықтырып, ақшаны дереу аударуды талап еткен;
  • баға нарықтағы бағадан едәуір төмен болып, оның себептері түсіндірілмеген;
  • сатушы құжаттарды ұсынудан бас тартқан;
  • пәтер сенімхат бойынша сатылып, меншік иесімен хабарласу мүмкін болмаған;
  • шартта нақты құннан төмен соманы көрсету ұсынылған;
  • қаражатты үшінші тұлғаның шотына аудару талап етілген;
  • құжаттарды кейінірек ресімдеуге уәде беріліп, төлемді қазір жүргізу талап етілген

Аталған жағдайларда  сақтық  танытқан дұрыс!

Мұндай белгілердің кем дегенде біреуі орын алса, ол әрдайым алаяқтықты білдірмейді, дегенмен мәмілені тоқтата тұрып, қосымша тексеру жүргізуге негіз бола алады.

Материал тек ақпараттық сипатқа ие және жеке инвестициялық немесе заңдық ұсыным емес.