Пәтер сатып алу — өмірдегі ең маңызды қаржылық шешімдердің бірі. Алайда, егер тиімді сатудың артында алаяқтар тұрса, тіпті тартымды ұсыныс та қаражаттан айырылуға және ұзақ сот талқылауларына әкеп соғуы мүмкін.
Жалған құжат жасау, меншікті оның иесінің келісімінсіз сату, жасырын мұрагерлер және ақшаны мәміле ресімделмей тұрып алуға әрекеттену — қауіпті мәмілелердің кең таралған белгілері.
Тұрғын үй сатып алу кезіндегі негізгі алдау схемалары мен олардан қорғану жолдарын қарастырайық.
1. Күдікті төмен баға
Алғашқы қауіп тудыратын белгілердің бірі — пәтер құнының нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен болуы. Сатушы оны шұғыл түрде көшу керектігімен, қаржылық қиындықтармен немесе мәмілені жылдам аяқтау қажеттілігімен түсіндіруі мүмкін.
Төмен баға өзінен-өзі алаяқтықты білдірмеуі мүмкін. Алайда, тым тартымды бағаның, шешім қабылдауға шектеулі уақыттың және дереу алдын ала төлем жасау талабының қатар көрінуі көңілге күдік ұялатуы керек.
Алаяқтар көбінесе асығыстықты пайдаланады, сонда сатып алушы құжаттарды тексеріп, ұсынысты басқа нұсқалармен салыстырып үлгермейді.
Өзіңізді қалай қорғауға болады: пәтер құнын сол аудандағы ұқсас ұсыныстармен салыстырыңыз, бағаның төмен болуының себебін нақтылаңыз және объектіні броньға қою үшін ақша аудармаңыз.
2. Сатушы пәтердің меншік иесі емес
Кейде хабарландыруды жылжымайтын мүлікке иелік етуге заңды өкілеттігі жоқ адам қояды. Ол өзін меншік иесінің туысы, делдал немесе сенім білдірілген тұлға ретінде таныстыруы мүмкін.
Өкіл арқылы сатудың өзі заңды. Алайда, әсіресе меншік иесімен хабарласу мүмкін болмаған жағдайда және өкіл құжаттарды тездетіп ресімдеуді талап етсе, мұндай схема ерекше назар аударуды талап етеді.
Алаяқтар жалған сенімхатты пайдалануы, өзін меншік иесінің өкілі деп көрсетуі немесе олар бойынша өкілеттігі тоқтатылған құжаттарға сілтеме жасауы мүмкін.
Өкіл құжаттарды ұсынған күннің өзінде сенімхаттың жарамды екеніне және оған нақты жылжымайтын мүлікті сатуға құқық беретініне көз жеткізу қажет.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
- Сатушының жеке басын және оның жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығын тексеріңіз.
- Меншік иесі туралы мәліметтерді мемлекеттік тізілімнің өзекті деректерімен салыстырыңыз.
- Егер әрекет етуші тұлға өкіл болса, сенімхатты және оның өкілеттігінің ауқымын тексеріңіз.
- Меншік иесін тиісті түрде сәйкестендіру мүмкін болмаса, мәмілеге келіспеңіз.
3. Құжаттар күмән тудырады
Алаяқтар жылжымайтын мүлік туралы жалған немесе күмәнді құжаттарды пайдалануы мүмкін.
Дербес деректердегі түзетулер, сәйкессіздіктер, объект мекенжайы туралы әртүрлі мәліметтер және тәуелсіз тексеру үшін құжаттарды ұсынудан бас тарту көңілді алаңдатуға тиіс.
Бұл ретте түпнұсқа құжаттардың болуы қауіпсіздікке кепілдік бермейді: құжаттар жалған, ескірген болуы немесе объектінің өзекті заңдық мәртебесін көрсетпеуі мүмкін.
Өзіңізді қалай қорғауға болады: мәліметтерді ресми мемлекеттік сервистер мен уәкілетті органдар арқылы тексеріңіз. Меншік иесі, тіркелген құқықтар мен ауыртпалықтар туралы деректер ұсынылған құжаттарға сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
Егер сатушы сізді асықтырып, құжаттарды тексермеуді талап етсе, келіссөздерді тоқтата тұрып, тәуелсіз заңгердің кеңесіне жүгіну керек.
4. Пәтердің басқа мүдделі тұлғалардың келісімінсіз сатылуы
Кейде сатушы шынымен пәтер иесі болған жағдайда да қиындықтар туындап жатады. Мысалы, жылжымайтын мүлік жұбайлардың ортақ меншігінде болуы, оның бірнеше иесі болуы немесе кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтарын қозғауы мүмкін.
Мән-жайларға байланысты мәміле жасасу үшін жұбайының келісімі, басқа меншік иелерінің қатысуы, уәкілетті органның рұқсаты немесе үлесті сатып алудың артықшылықты құқығын сақтау қажет болуы мүмкін.
Егер белгіленген талаптар бұзылса, мәміле сот дауының нысанасына айналуы мүмкін.
Өзіңізді қалай қорғауға болады: сатушының пәтерді қандай негізде сатып алғанын, ортақ меншік иелері бар-жоғын және оны сату үшін қандай келісімдер қажет екенін анықтаңыз.
Сатушының барлық мүдделі тараптардың мәмілеге келіскені туралы ауызша уәделеріне ғана сенім артпаңыз.
5. Сатушы пәтерді тексермей тұрып, алдын ала төлем жасауды талап етеді
Пәтерді броньға қою үшін кепілақыны немесе алғытөлемді дереу аударуды талап ету — кең таралған алаяқтық схемалардың бірі.
Ақшаны алғаннан кейін алаяқ байланысқа шығуын доғарып, мәміледен бас тартуы немесе басқа сылтаумен қосымша төлем талап етуі мүмкін.
Сатушының өкілеттігін растамай және құжаттарды тексермей тұрып, делдалдардың немесе үшінші тұлғалардың жеке шоттарына ақша аудару өте қауіпті.
Өзіңізді қалай қорғауға болады:
- Сатушыны және құжаттарды тексермей тұрып, ақша аудармаңыз.
- Алғытөлемді немесе кепілақыны беру шарттарын жазбаша ресімдеңіз.
- Жылжымайтын мүлік объектісін, соманы, төлемнің мақсатын, ақшаны қайтару мерзімдері мен тәртібін нақты көрсетіңіз.
- Қаражатты тек тексерілген есеп айырысу схемасына және мәміле құжаттарына сәйкес аударыңыз.
- Өзіңізге қысым көрсетілген жағдайда, қаржылық шешімдер қабылдамаңыз.
6. Сатушы ауыртпалықтар мен заңға қатысты проблемаларды жасырады
Пәтер кепілде болуы, оған тыйым салынған немесе мәмілеге әсер етуі мүмкін басқа да шектеулер қойылған болуы мүмкін. Сот даулары, реттелмеген мұрагерлік мәселелері және жылжымайтын мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтары болған жағдайда, қосымша тәуекелдер туындайды. Әрбір ауыртпалық сатуға кедергі келтіре бермейді, бірақ оның сипаты мен алынып тасталу тәртібі қаражатты табыстауға дейін анықталуы қажет.
Бұдан өзге, пәтерде кімдер нақты тұрып жатқанын, тіркелген тұрғындардың бар-жоғын анықтау маңызды.
Өзіңізді қалай қорғауға болады: тіркелген құқықтар мен ауыртпалықтар туралы өзекті мәліметтерді алыңыз, қажетті құжаттарды сұратыңыз және пәтерді босату тәртібін анықтаңыз. Егер заңға қатысты күрделі мән-жайлар анықталса, шартқа қол қоймас бұрын жылжымайтын мүлік жөніндегі тәуелсіз заңгерге жүгініңіз.
Күдікті мәмілеге тап болған жағдайда, не істеу керек
Егер сіз құжаттардағы сәйкессіздіктерді немесе алдау белгілерін байқасаңыз, қосымша ақша аудармаңыз және қысыммен жаңа құжаттарға қол қоймаңыз.
Егер ақшаны аударып қойсаңыз:
Дереу банкке хабарласыңыз. Алаяқтыққа күдіктеніп тұрғаныңызды айтыңыз және қаражат аударымын тоқтату немесе даулау мүмкіндіктерін нақтылаңыз.
Дәлелдемелерді сақтап қойыңыз. Шарттарды, хат алмасуды, хабарландыруларды, төлем құжаттары және мәмілеге қатысушылардың байланыс деректерін сақтап алыңыз.
Құқық қорғау органдарына арыз беріңіз.
Заңгерге жүгініңіз.
Неғұрлым ертерек әрекет етсеңіз, мүдделеріңізді қорғауға мүмкіндігіңіз соғұрлым артуы мүмкін.
Қорытынды
Алаяқтық мәміле әрдайым күдікті болып көріне бермейді. Қаскүнемдер шынайы құжаттарды, сенімді түсіндірмелерді және жалған шұғылдық сезімін пайдалануы мүмкін. Сондықтан тартымды баға да, сатушының сенімділігі де, делдалдың болуы да жылжымайтын мүлікті және құжаттарды тексеруге тосқауыл болмауы керек.
Қауіпсіз мәміленің басты қағидасы — алдымен жылжымайтын мүліктің меншік иесін, құжаттарын және құқықтық мәртебесін тексеріп, содан кейін ғана шартқа қол қойып, ақшаны беру.
Тексеруге кеткен қосымша бірнеше күн сізді ұзақ сот дауларынан және ірі жинақ ақшаңыздан айырылудан қорғап қалуы мүмкін.
Материал тек ақпараттық сипатқа ие және жеке инвестициялық немесе заңдық ұсыным емес.