1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымен сөз сөйледі. Жолдау келесі маңызды мәселелерге арналды:
-
елдің пандемиядан кейінгі экономикалық дамуы;
-
денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру;
-
сапалы білім беру;
-
өңірлік саясатты жетілдіру;
-
еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру;
-
саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау;
-
қоғамның бірігуі – алдағы ілгерілеудің басты факторы.
Президент көтерген бірқатар мәселелер «Бәйтерек» холдингіне жүктелген міндеттермен тығыз байланысты екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, бұл «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнес жол картасы» бағдарламалары аясында бизнесті барлық деңгейде қолдау бойынша нақты шаралар қабылдауға қатысты, олардың мерзімі 2022 жылға дейін ұзартылды.
Өз сөзінде Президент былай деді:
«Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру аяқталды. Портфельдік компаниялар саны екі есе, ал штат саны бір жарым есе қысқартылды. Нәтижесінде жаңа, қуатты даму институты құрылды».
Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын мемлекеттік өнеркәсіптік саясатпен үйлестіру – елдің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне тиісті ұсыныстар пакетін әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жақын уақытта қаралуы тиіс бес бастаманы ұсынды:
-
Ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарап, оны арттыру және оны салықтық және басқа да есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды тоқтату;
-
Бизнесті қызметкерлердің жалақысын көтеруге ынталандыратын шараларды әзірлеу, оның ішінде реттелетін сатып алуларға жеңілдіктер беру және мемлекеттік қолдауға басым қолжетімділікті қамтамасыз ету;
-
Микро және шағын бизнес үшін еңбекақы қорынан бірыңғай төлемді 34%-дан 25%-ға дейін төмендету;
-
Мәдениет саласы қызметкерлерінің, техникалық қызметкерлердің, жүргізушілердің және басқа да мамандық иелерінің жалақысын арттыру;
-
Қолжетімді тұрғын үй ипотекасы бағдарламасын әзірлеу.
Жолдауда тұрғын үй мәселесі азаматтар үшін басты қағидаттардың бірі екені атап өтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады.
«Оның әкімшісі – «Отбасы банк» болады. Ол ұлттық даму институтына айналады. Банкке азаматтардың тұрғын үй есебін жүргізу және оны «бір терезе» қағидаты бойынша бөлу міндеті жүктеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бастамасын оң бағалап, оның әрі қарай қолданылуына қатысты пікір білдірді:
«Бұл үрдісті жалғастыру үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банк» шотына аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл халықты жинақ мәдениетіне және қаражатты ұтымды басқаруға ынталандырады», – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің ағымдағы жылғы жұмысын қорытындылап, заң жобаларын сапалы әрі терең пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жолдаудың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://www.baiterek.gov.kz/ru/president-messages/poslanie-glavy-gosudarstva-kasym-zhomarta-tokaeva-narodu-kazakhstana