11 ақпанда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясында» («ҚТК» АҚ – «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) Astana IT University студенттерінің дуальды оқыту бағдарламасын аяқтауға арналған қорытынды кездесуі өтті.
Екі айлық оқыту бағдарламасына 13 студент қатысты. Бағдарлама болашақ IT-мамандарын практикалық тұрғыда дайындауға және оларды Компанияның нақты бизнес-процестеріне тартуға бағытталды.
Кездесу барысында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алтай Куздибаев студенттерге атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, олардың жоғары деңгейдегі ынтасы мен дайындығын атап өтіп, алдағы кәсіби қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бағдарлама аясында әр студентке ҚТК қызметкерлерінен жеке ментор бекітілді, бұл қатысушыларға Компанияның жұмыс процестерімен жан-жақты танысуға және әрі қарайғы кәсіби дамуы үшін қажетті практикалық дағдыларды алуға зор мүмкіндік берді.
2 курс студенті Алтынай Аязбаева өз әсерімен бөлісті:
«Тәжірибе кезіңде өзіме алған негізгі дағдыларымның бірі - нетворкинг, сондай-ақ бағдарламалау және командада жұмыс істеу сынды қабілеттерімді дамыттым деп айта аламын. Біз AI-модельдерімен сандар мен кестелердегі мәтіндерді тану бойынша жұмыс жасадық. Жүзеге асырылған жобамыз мәліметтерді енгізуді автоматтандыру және Компанияның жұмысын жеделдету жолында өз үлесін тигізеді деп үміттенемін», — деді студент.
ҚТК елдегі жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, білікті кадрларды даярлауға және инновациялық шешімдерді енгізуде өз жұмысын жалғастыра бермек.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz