Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы Ұлттық ЭКСЖ жобасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда: Қарағанды облысына облигациялық қарыз берілді

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы Ұлттық ЭКСЖ жобасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда: Қарағанды облысына облигациялық қарыз берілді

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысы әкімдігінің облигацияларын 5,6 млрд теңге сомасына сатып алды.

Қаржыландыру нысаны – «№2 сорғы станциясынан ТК 728-ге дейін №2 сорғы станциясымен бірге М2 жылу магистралін реконструкциялау» жобасы. Жобаның жалпы құны 10,6 млрд теңгені құрайды.

Қаладағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 68%-дан асады, ал құбырлардың бір бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Жобаны іске асыру апаттылық деңгейін төмендетуге және желілердің тозуын 2%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 901 көппәтерлі тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және 6,4 мың адам тұратын жеке тұрғын үйлер сапалы жылумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі.

Айта кету керек, 2025 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ аталған жобаны алғаш рет 5,0 млрд теңге көлемінде қаржыландырған болатын. Осылайша, бүгінгі күні жоба Компания тарапынан 100% қаржыландырылды.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдар аралығында жалпы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарлануда, оның ішінде 1,9 трлн теңге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу есебінен қарастырылған.

Анықтама: Ұлттық ЭКСЖ жобасын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ табиғи монополия субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады: мемлекеттік ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жекеменшік ТМС үшін екінші деңгейлі банктердің, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның және микроқаржы ұйымдарының кредиттерін субсидиялау арқылы.

Жобаның мақсаты – ел бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және халыққа коммуналдық қызметтердің сенімді әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khckz, www.khc.kz