ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын цифрландыру және оның ашықтығын арттыру жөніндегі шараларды таныстырды

ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын цифрландыру және оның ашықтығын арттыру жөніндегі шараларды таныстырды

2026 жылғы 10 наурызда «Тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру» тақырыбында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамының («ҚТК» АҚ, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-тың еншілес ұйымы) Басқарма төрағасы Алтай Қуздибаев баспасөз конференциясына қатысты.

Брифингке сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында ҚТК Басқарма төрағасы тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу мәселелеріне қатысты пікір білдіріп, үлестік тұрғын үй құрылысы нарығының ашықтығын арттыру және үлескерлердің құқықтарын қорғау мақсатында мемлекет пен ҚТК тарапынан іске асырылып жатқан шараларды таныстырды.

ҚТК Басқарма төрағасының айтуынша, 2020 жылдан бастап Компания үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тәуекелдерді төмендету және халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында ҚТК «Тұрғын үй порталы» (homeportal.kz) ақпараттық жүйесін әзірледі. Порталда ҚТК кепілдігі немесе әкімдіктің қаражат тартуға берген рұқсаты бар нысандар туралы, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттары жоқ жобалардың тізімі орналастырылған. Сонымен қатар азаматтар «Қазреестр» ақпараттық жүйесі арқылы өздерінің үлестік қатысу шарттарының тіркелуін тексере алады.

Қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін Тұрғын үй порталы eGov Mobile қосымшасына, сондай-ақ екінші деңгейлі 4 банктің мобильді қосымшаларына біріктірілген. Портал іске қосылғаннан бері оны 3,4 миллионнан астам адам пайдаланған. Бұдан бөлек, платформада жасанды интеллект негізіндегі I-Bota чат-боты бар үлескерлерді қолдау онлайн-орталығы жұмыс істейді. Ол салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу және үлестік қатысу заңнамасын қолдану мәселелері бойынша кеңес береді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚТК салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу кезінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді тексеру сервисін іске қосты. Аталған сервис үлескердің қаражатын құрылыс салушының уәкілетті компаниясының банк шотына аударғанға дейін екінші деңгейлі банктер арқылы «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесінде үлестік қатысу шартының тіркелуін міндетті түрде тексеруді көздейді. Қазіргі уақытта бұл сервиске Қазақстанның 10 ірі екінші деңгейлі банкі қосылған.

Үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ҚТК 2017 жылдан бастап тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға кепілдік береді. 2017 жылдан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде ҚТК жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 290 жоба бойынша кепілдік ұсынды. Бұл 7 млн шаршы метрді немесе 79,1 мың пәтерді қамтиды және 77 мыңнан астам үлескердің қаражатын қорғауға мүмкіндік берді. 2025 жылы берілген кепілдіктер көлемі 277,1 млрд теңгені құрап, 10 мың пәтерді қамтыды.

Сондай-ақ үлестік тұрғын үй құрылысы нарығына жүргізілген мониторинг нәтижелері жарияланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлеңкелі сегменттің үлесі 62,5% болып, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,1 пайыздық тармаққа төмен. Заңды жобалар санының артуы және құқықтық алаңнан тыс жүзеге асырылатын нысандардың азаюы бойынша оң динамика байқалады.

ҚТК құрылыс салушылардың жауапкершілігін арттыруға, цифрлық бақылау құралдарын енгізуге және үлестік тұрғын үй құрылысының қауіпсіз әрі ашық нарығын қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда.