ҚТК құрылыс салушылармен өңірлік жұмыс кездесулерін жалғастыруда

ҚТК құрылыс салушылармен өңірлік жұмыс кездесулерін жалғастыруда

Тұрғын үй құрылысын дамыту және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Қазақстан құрылысшылар одағы» РҚБ-мен бірлесіп және Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары әкімдіктерінің қолдауымен өңірлік құрылыс салушылармен жұмыс кездесулерін ұйымдастырды.

Кездесулер барысында ҚТК өкілдері тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және өңірлік девелоперлерді қолдауға бағытталған құрылыс саласын қолдау тетіктерін таныстырды. Атап айтқанда:

  • үлестік қатысуды кепілдендіру;
  • кешенді және аз қабатты тұрғын үй жобаларын қаржыландыру;
  • тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру;
  • өңірлерге арналған «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасы.

Өңірде алғашқы жобасын іске асырып жатқан құрылыс салушылар үшін кепілдік жарнасының мөлшерлемесі 0% деңгейінде белгіленген, бұл – жаңа қатысушыларды қолдауға бағытталған мақсатты шара. ҚТК ұсынған аумақтарды кешенді дамытуға арналған жаңа қаржыландыру тетігі девелоперлерді құрылыс жұмыстарының ең бастапқы кезеңдерінде қолдауға мүмкіндік береді. Компаниямен өзара іс-қимылдың барлық рәсімдері homeportal.kz тұрғын үй порталы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады.

ҚТК құрылыс салушыларды тек бастапқы кезеңдегі қаржыландырумен ғана емес, сонымен қатар дайын тұрғын үйге кепілдендірілген сұраныспен де қамтамасыз етеді. Бұл ретте «Орда Аймақ» жеке ипотекалық бағдарламалары, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қолданылады.

Кездесулер аясында өңірлік тұрғын үй құрылыс нарығындағы ағымдағы жағдай да айтылды. Атап айтқанда, Атырау қаласында қазіргі уақытта 33 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 12 нысан рұқсат құжаттарымен, ал 21 нысан тиісті рұқсатсыз іске асырылуда. Ақтөбе қаласында салынып жатқан 15 нысанның тек 4-еуінде ғана рұқсат бар, ал 11 нысан рұқсатсыз салынуда. Ақтау қаласында 30 құрылыс нысаны тіркелген, олардың барлығы үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатсыз жүзеге асырылуда.

Аталған статистика заңды әрі ашық қаржыландыру тетіктерін енгізудің өзектілігін және үлескерлердің құқықтарын қорғау мақсатында құрылыс салушылармен белсенді өзара іс-қимылдың маңыздылығын айқындайды.

Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалаларында өткен кездесулер ҚТК-нің тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктерін түсіндіруге және құрылыс салушылар мен үлескерлермен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz

Фотогалерея