«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысындағы пилоттық жобаларды 100% қаржыландыруды аяқтады.
Жобаларды іске асыру шеңберінде ҚТК Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің облигацияларын жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге сатып алды. Оның ішінде 2025 жылы қаржыландыру көлемі 1,7 млрд теңгені, 2026 жылы – 4,1 млрд теңгені құрады. Осылайша, ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысындағы пилоттық жобаларды қаржыландыру толық аяқталды.
ҚТК тарапынан әкімдік облигацияларын кезекті сатып алу Орал қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 4 нысанын жаңғыртуға бағытталды.
Қаржыландырылған нысандар тізбесіне мыналар кірді:
- сорғы жабдықтарының қуатын арттыра отырып және диаметрі 300 мм су құбырын 500 мм-ге ауыстыру №20 қысым көтергіш сорғы станциясын қайта жаңғырту. Қазіргі тозу деңгейі 78,3%-ды құрайды, жобаны іске асыру қорытындысы бойынша оның төмендеуі күтіледі;
- орташа тозу деңгейі 79,6% болатын №29 кәріздік сорғы станциясын қайта жаңғырту, жұмыстар аяқталғаннан кейін болжам бойынша тозу деңгейін төмендету көзделген;
- Орал қаласының жерасты су көзін кеңейту аясында бес су тарту ұңғымасын (бұрғылау) салу;
- тозу деңгейі 79,6% болатын кәріздік сорғы станциясының ғимаратын қайта жаңғырту, жаңғыртудан кейін оның тозу деңгейінің төмендеуі күтіледі.
Еске сала кетейік, Ұлттық ЭКСЖ жобасын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ табиғи монополия субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады: мемлекеттік ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жекеменшік ТМС үшін екінші деңгейлі банктердің, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның және микроқаржы ұйымдарының кредиттерін субсидиялау арқылы.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ел бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және халықты сенімді әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz