Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын дамыту: «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «KOKSHE» ӘКК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын дамыту: «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «KOKSHE» ӘКК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ақмола облысында облыс әкімі Марат Ахметжановтың, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Басқарма төрағасы Алтай Куздибаевтың және «KOKSHE» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Серікбай Құсайыновтың қатысуымен тұрғын үй құрылысын дамыту және өңір аумақтарын кешенді игеру мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында қатысушылар нүктелік құрылыстан аумақтарды кешенді дамытуға көшуге негізделген, заманауи жоспарлау және қаржыландыру құралдарын қолдануды көздейтін кеңістіктік дамудың жаңа институционалдық моделін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кеңес аясында Қазақстан Тұрғын үй компаниясы аумақтарды дамыту құзырет орталығы әзірлеген Көкшетау қаласының кешенді зерттеуін таныстырды.

«Біз «KOKSHE» ӘКК базасында құрылған «KOKSHETAU ENGINEERING» урбанистика орталығының ашылуын қолдаймыз. Ұсынылған зерттеу ҚТК тарапынан орталықтың одан әрі дамуына қосқан нақты үлесі болып табылады. Көкшетау қаласындағы реновация кейстері жеке инвестициялар мен қолдау құралдарын үйлестіру есебінен іске асырылып жатқан елдегі үздік жобалардың қатарында. Ағымдағы жылдың мамыр айында біз реновацияға кепілдік беру тетігін іске қосамыз. Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы өңірдегі тұрғын үй жобаларын дамытуға барынша жәрдем көрсетеді», — деп атап өтті Алтай Куздибаев.

Кездесудің негізгі қорытындысы «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «KOKSHE» ӘКК» АҚ арасында өңірде кешенді құрылыс жобаларын іске асыруға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Құжат инвестициялық тартымды аумақтарды қалыптастыруды, мастер-жоспарлар әзірлеуді, кепілдендіру және қаржыландыру құралдарын қолдануды, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді дамытуды, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейді.

«KOKSHE» ӘКК базасында ҚТК-ның өзара іс-қимылы кешенді құрылыс жобаларын дамытуға, сондай-ақ Компанияның қолдау құралдарын өңірдің нақты міндеттеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Анықтама: Ақмола облысында кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй бағыты бойынша ҚТК жалпы сомасы 52,5 млрд. теңгеге қаржылық қолдау көрсетті. Бұл кезекте тұрғандар үшін белгіленген бағамен 3,7 мың әлеуметтік пәтер салуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Берілген кепілдіктер көлемі 17,1 млрд теңгені құрады, бұл 1 мыңнан астам үлескердің (1 026 пәтер) құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті.

Фотогалерея