«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы) Алматы қаласындағы ЖЭО-2 – ЗТК жылу магистралін қайта жаңғырту жобасын «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында 52,7 млрд теңге сомасында субсидиялауды мақұлдады.
Нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылды құрайтын жылу магистралі іс жүзінде 43 жыл бойы пайдаланылып келеді және кешенді жаңғыртуды қажет етеді. Жоба мегаполистің жылумен жабдықтау жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие, себебі жылу желісі көппәтерлі тұрғын үй қорындағы 500 мыңнан астам тұтынушыны қамтиды.
Субсидиялау тетігін қолдану нәтижесінде сыйақы мөлшерлемесі жылдық 22%-дан 10%-ға дейін, 10 жыл мерзімге төмендетілді (несие беруші банк — «Қазақстан Халық Банкі» АҚ). Бұл табиғи монополия субъектісіне түсетін қаржылық жүктемені азайту арқылы халық үшін тарифтердің күрт өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 19,6 км, есептік жылу жүктемесі — 606 Гкал/сағ. Жобаны іске асыру 2030 жылға дейін 7 кезеңде жүзеге асырылады.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ «ЭКСЖ» ұлттық жобасының қаржылық операторы болып табылады және табиғи монополия субъектілерін (ТМС) қаржыландыруды екі негізгі тетік арқылы жүзеге асырады:
— мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу;
— жеке ТМС үшін кредиттерді субсидиялау.
Жобаны іске асыру Алматы қаласының орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, аса маңызды инфрақұрылымның тозуын төмендетуге және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Анықтама:
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ — тұрғын үй құрылысын қаржыландырумен және қолдаумен айналысатын «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы. ҚТК 2000 жылы «Қазақстандық ипотекалық компания» атауымен құрылған. 2021 жылдан бастап «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-мен бірігу нәтижесінде компания атауын өзгертіп, тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторы мәртебесіне ие болды.
ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру, кешенді құрылыс жобаларын қаржыландыру, әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы тұрғын үйді сатып алу, ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын дамыту және өзге де құралдардың кең ауқымын іске асырады.
2025 жылдан бастап «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының қаржылық операторы болып табылады.
«Алматылық электр станциялары» АҚ («АлЭС» АҚ) — Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр энергиясын өндіру қызметін жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйым.
«АлЭС» АҚ Алматы қаласын электр энергиясымен 51,4%, ал орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясымен 70% көлемінде қамтамасыз етеді. Компания «Самұрық-Энерго» АҚ тобына кіреді. «АлЭС» АҚ-ның ұйымдық құрылымына 8 өндірістік бөлімше енеді.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz