«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев Орталық Азия қалаларының құрылыс саласын дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және орнықты даму мәселелеріне арналған ProForum Central Asia 2026 халықаралық конференциясына қатысты.
Халықаралық конференцияға Орталық Азия елдерінің құрылыс, лак-бояу және әрлеу индустриясының өкілдері қатысты. Іс-шараның ұйымдастырушысы — «Alina» компаниялар тобына кіретін AlinEX бренді.
Іскерлік бағдарлама аясында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев баяндама жасап, тұрғын үй құрылысы нарығындағы өзекті сын-қатерлерді атап өтті және саладағы мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстырды.
Баяндамасында үлестік тұрғын үй құрылысының ашықтығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Алтай Куздибаевтың айтуынша, азаматтардың мүдделерін қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы - ҚТК жүзеге асыратын үлестік құрылысты кепілдендіру тетігі болып табылады. Бұл тетік құрылыс салушыларға белгіленген заңнама аясында құрылыстың бастапқы кезеңдерінде қаражат тартуға мүмкіндік бере отырып, үлескерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
«Біздің басты міндетіміз - ашық әрі орнықты нарық қалыптастыру. Осы мақсатта біз кепілдендіру құралдарына қолжетімділікті, соның ішінде өңірлік құрылыс салушылар үшін кеңейтіп, құқықтық алаңда жұмыс істеуді экономикалық тұрғыдан тиімді ететін жағдайлар жасаймыз», — деп атап өтті ҚТК Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, ҚТК қолдау құралдарының желісін жетілдіруді жалғастырып жатқаны тілге тиек етілді. Атап айтқанда, аз қабатты тұрғын үй құрылысы мен реновация жобаларын дамытуға бағытталған жаңа өнімдер енгізілуде, сондай-ақ осы тетік арқылы алғаш рет қаржыландыру тартатын құрылыс салушылар үшін жеңілдетілген шарттарды қоса алғанда, кепілдіктерге қолжетімділікті кеңейту шаралары жүзеге асырылуда.
ProForum Central Asia 2026 конференциясына қатысу Қазақстанның тұрғын үй саясатын дамытудағы тәжірибесін таныстыруға, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік берді.