ҚТК Ақтөбе қ. «Әлия» ТК бойынша кепілдік жағдайдың туындағанын хабарлады

ҚТК Ақтөбе қ. «Әлия» ТК бойынша кепілдік жағдайдың туындағанын хабарлады

«Әлия» тұрғын үй кешені бойынша жағдайды объективті түрде түсіндіру мақсатында, ҚТК-ның ресми хабарламасына және осы нысанға қатысты жарияланымдарға қосымша ретінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамы (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) төмендегі ақпаратты назарға ұсынады.

2026 жылғы 27 сәуірде ҚТК Ақтөбе қаласындағы «Әлия» тұрғын үй кешенін салу жобасы бойынша кепілдік жағдайдың туындағанын ресми түрде жариялады.

Аталған жоба ҚТК-ның 2021 жылы берілген кепілдігі аясында жүзеге асырылуда. Бастапқыда «Сартай Энерго Сервис» ЖШС (құрылыс салушы) және «K7 Engineering» ЖШС (уәкілетті компания) арасындағы шарт талаптарына сәйкес, құрылысты аяқтау мерзімі 2024 жылғы 23 мамырға дейін жоспарланған болатын. Кейіннен жоба екі кезекке бөлінді: 1-кезек (№1, 2, 3 корпустар) және 2-кезек (№4, 5, 6, 7, 8, 9 корпустар).

Атқарылған жұмыстар:

  • 1-кезек (№1, 2, 3 корпустар) мерзімінен бұрын — 2023 жылғы қыркүйекте аяқталды;
  • 2026 жылғы наурыз айында №7, 8 және 9 корпустар пайдалануға берілді.

Мәселе туындатып отырған жағдайлар:

  • №4, 5 және 6 корпустар бүгінгі күнге дейін аяқталмаған;
  • Уәкілетті компания құрылыс мерзімдерін үш рет ұзартты (2025 жылғы 10 қазаннан 2026 жылғы 10 сәуірге дейін);
  • Соған қарамастан, нысандардың нақты дайындық деңгейі оларды пайдалануға беруге жеткіліксіз болып отыр.

Қабылданған шараларға қарамастан, инжинирингтік компания мен ҚТК тарапынан жүргізілген құрылыс барысын мониторингілеу нәтижесінде №4, 5 және 6 корпустар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының жеткіліксіз көлемі және белгіленген мерзімде пайдалануға беруге дайын еместігі анықталды.

Бұл үлескерлер үшін нені білдіреді:

  • ҚТК құрылысты аяқтауға кепілдік беру тетігін ресми түрде іске қосты;
  • Компания жобаны одан әрі іске асыруды өз бақылауына алады;
  • №4, 5 және 6 блоктарды аяқтау және пәтерлерді үлескерлерге беру үшін тиісті шаралар қабылданады.

ҚТК өкілдері Ақтөбе қаласында үлескерлермен кездесу өткізіп, алдағы жасалатын қадамдарды нақты түсіндірді. ҚТК құрылыстың толық аяқталатынына және үлескерлер алдындағы барлық міндеттемелердің орындалатынына кепілдік береді.

Көрсеткен сабырлықтарыңыз үшін шынайы алғыс білдіреміз және құрылысты жедел әрі сәтті аяқтау үшін барлық қажетті күш-жігер жұмсалатынын сенімді түрде мәлімдейміз.