Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Қарағанды облысындағы жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобаларын қаржыландырды. Осы мақсатта ҚТК «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында өңір әкімдігінің 11,5 млрд теңге көлеміндегі облигацияларын сатып алды.
Жобаның жалпы құны 21,3 млрд теңгені құрайды.
Қаражат жылу желілерінің екі негізгі учаскесін қайта жаңғыртуға бағытталды:
• Қарағанды қаласында ұзындығы 2,4 км болатын М3 жылу магистралі жаңартылады. Қазіргі уақытта желілердің тозу деңгейі 68%-дан асады, ал құбырлардың бір бөлігі 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Жобаны іске асыру апаттылықты төмендетіп, келесі нысандар үшін жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді:
- 817 көппәтерлі тұрғын үй;
- 666 жеке тұрғын үй;
- 157 әлеуметтік және коммерциялық нысан.
Алдағы уақытта жылу трассасын қайта жаңғырту салынып жатқан тұрғын үй нысандарын, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен шағын кәсіпкерлік объектілерін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Қосымша қосылатын жылу жүктемесі шамамен 22,6 Гкал/сағ болады.
• Абай қаласында КарГРЭС-тен «Абайская» сорғы станциясына дейінгі магистральдық жылу желілері, сондай-ақ 15-жылу камерасы (I кезек) қайта жаңғыртылады. Мұнда желілердің тозу деңгейі шамамен 69%, ал кейбір құбырлар 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Жобаны іске асыру апаттылықты төмендетіп, қайта жаңғыртылатын учаскелердегі тозу деңгейін 99,9%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл 28,5 мың тұрғыны бар Абай қаласын үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етеді, оның ішінде:
- 26 әлеуметтік сала нысаны;
- 5 жалпы білім беретін мектеп;
- 6 мектепке дейінгі ұйым;
- 22 әкімшілік ғимарат;
- 252 көппәтерлі тұрғын үй.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдар аралығында жалпы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 1,9 трлн теңге - жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу есебінен.
Еске саламыз, ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру аясында ҚТК табиғи монополия субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады:
- мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы;
- жеке меншік ТМС үшін кредиттерді субсидиялау арқылы.