ҚТК Қызылордада тұрғын үй құрылысын қолдау құралдарын таныстырды

ҚТК Қызылордада тұрғын үй құрылысын қолдау құралдарын таныстырды

2026 жылғы 14 мамырда Қызылорда қаласында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп өңірдегі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты ҚТК желісі бойынша іске асырылып жатқан тұрғын үй құрылысын қолдау құралдарын түсіндіру болды.

Кездесу барысында қатысушыларға құрылыс саласын қолдаудың негізгі тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру, аз қабатты және кешенді құрылыс жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру құралдарына, сондай-ақ сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламасы мен «Орда Аймақ» өңірлік ипотекалық бағдарламасына ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша құрылыс салушылар үшін қаржыландыру, жобалық құжаттаманы дайындау және ҚТК бағдарламаларына қатысу мәселелері бойынша жеке консультациялар ұйымдастырылды.

Осындай құрылыс салушылармен өткізілетін кездесулер тұрғын үй нарығының ашықтығын арттыруға, адал девелопментті дамытуға және құрылыс саласы қатысушылары үшін қолдау құралдарының қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.