2026 жылғы 30 мамырда Көкшетау қаласында мемлекеттік органдардың, даму институттарының, сарапшылар қауымдастығы мен құрылыс саласы өкілдерінің басын қосқан «AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» республикалық семинар-кеңесі өтті.
Іс-шара барысында қалалық ортаны жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды модернизациялау, аумақтарды кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы саласына заманауи қаржылық және цифрлық құралдарды енгізу мәселелері талқыланды.
ҚТК Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев «Реновация бағдарламалары мен аумақтарды кешенді дамыту жобаларын іске асыруға арналған қаржылық құралдар» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол форумның жайлы қалалық ортаны қалыптастыру мен тұрғын үй реновациясы тетіктерін дамытуға бағытталған заманауи тәсілдерді әзірлеу үшін маңызды алаңға айналатынын атап өтті.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетеді. Біздің Kokshe ӘКК және әкімдікпен бірлескен міндетіміз – нүктелік құрылыс шешімдерінен инвестициялық тартымдылығы жоғары аумақтарды кешенді дайындау, мастер-жоспарлау, қаржылық тұрғыдан тұрақты жобаларды құрылымдау және Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының қолдау құралдарын қолдану моделіне көшуді қамтамасыз ететін жүйелі өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыру», – деп атап өтті Алтай Куздибаев.
ҚТК өкілдерінің айтуынша, Ақмола облысында кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй бағыттары бойынша жалпы сомасы 52,5 млрд теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілген. Нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 3,7 мың әлеуметтік пәтердің құрылысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру тетігі аясында жалпы сомасы 17,1 млрд теңгені құрайтын жобалар қолдау тауып, мыңнан астам үлескердің құқықтары қорғалды.
Форум барысында ҚТК өкілдері үлестік құрылыс және реновация салаларындағы заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, кепілдендіру тетігі енді аз қабатты құрылысқа, кешенді құрылыс жобаларына, сондай-ақ апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау жобаларына да қолданылады.
Сондай-ақ ҚТК инженерлік инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық желілерді жаңғырту және ауылдық елді мекендерде тұрғын үй салу жобаларын қаржыландыруды жалғастыруға дайын екенін білдірді. Бұл әсіресе агроөнеркәсіптік кешені қарқынды дамып жатқан өңірлер үшін өзекті.
Форум аясында қатысушыларға заманауи құрылыс шешімдері, қала құрылысын жоспарлаудың цифрлық құралдары, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді дамыту және тұрғын үй аумақтарын реновациялау жобалары таныстырылды. Бағдарлама Көкшетау қаласындағы реновация нысандары мен қоғамдық кеңістіктерге ұйымдастырылған көшпелі таныстыру сапарымен қорытындыланды.
Форумның өткізілуі заманауи қалалық ортаны дамытуға, тұрақты инфрақұрылымдық шешімдерді енгізуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қосымша серпін берді.