«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ өкілдері, еншілес ұйымы – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-мен (ҚТК) бірлесіп, Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба (ЭКСЖ) аясында Қостанай облысында іске асырылып жатқан инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым нысандарына барды.
Жұмыс сапары барысында «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарушы директоры Руслан Тюлегенов пен ҚТК Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов ҚТК қолдауымен жергілікті атқарушы органдарды облигациялық қаржыландыру тетігі арқылы жүзеге асырылып жатқан екі инфрақұрылымдық жобаның орындалу барысымен танысты.
Негізгі нысандардың бірі – Қостанай қаласында ағынды сулардың жинақтаушы-буландырғышына дейінгі қысыммен жұмыс істейтін кәріз коллекторының екінші желісін реконструкциялау жобасы. Коллектордың ұзындығы шамамен 14 шақырымды құрайды, ал тозу деңгейі 75 пайызға жеткен. Жобаны іске асыру су бұру жүйесінің сенімділігін арттырып, 112 мыңнан астам абонентті сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мақсатында 2026 жылғы 29 мамырда «ҚТК» АҚ жергілікті атқарушы органның 4 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды.
Сондай-ақ делегация Қостанай қаласындағы Павлов және Железнодорожная көшелеріндегі 1968 жылы пайдалануға берілген су құбырын қайта жаңғырту нысанын аралады. Жоба тозу деңгейі 70–90 пайызға жеткен желілерді ауыстыруға бағытталған және қала тұрғындарын сенімді ауызсумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа абоненттерді қосуға мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыру үшін «ҚТК» АҚ жергілікті атқарушы органның 236,5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды.
Кездесу барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен құрылыс салушыларға «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ жүзеге асырып отырған үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктері таныстырылды. Қатысушыларға тұрғын үй құрылысы нысандарының аяқталуына кепілдік беру құралдары, құрылыс салушыларға қойылатын талаптар және ҚТК кепілдік беру жүйесіне қатысудың артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Бұл жүйе үлескерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және тұрғын үй құрылысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін инженерлік инфрақұрылымды уақтылы жаңғыртудың маңыздылығын атап өтіп, өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары жобаларды іске асыруда алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.