«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында Абай, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын сатып алды. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу арқылы қаржыландыру көлемі 37,0 млрд теңгені құрады.
Қаражат жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға бағытталған 21 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға жұмсалады.
Қаржыландырудың негізгі бағыттары:
Абай облысы (5 жоба)
Семей қаласында магистральдық жылу желілері мен қазандықтарды реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар қаланың оң жағалау бөлігіндегі жылу энергиясының 146,99 Гкал/сағ көлеміндегі тапшылығын азайтуға, сондай-ақ тозу деңгейі 81%-ға жеткен жылу желілерінің жағдайын жақсартуға бағытталған. Жобаларды іске асыру жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, апаттық жағдайларды азайтуға және жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы (1 жоба)
Степногорск қаласында қаланы сумен қамтамасыз ететін жалғыз көз болып табылатын «Гидроторап» учаскесіндегі сорғы станцияларын реконструкциялау жүргізілуде. Су желілерінің тозу деңгейі 90%-ды құрайды. Жоба халықты, ЖЭО мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік әсері – 66 мыңнан астам адамның сумен жабдықтау сапасының жақсаруы.
Қостанай облысы (2 жоба)
Қостанай қаласында тозу деңгейі 90%-ға дейін жеткен су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау жобалары іске асырылуда. Жобалар апаттылықты төмендетуге, су басу қаупінің алдын алуға және коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған.
Солтүстік Қазақстан облысы (13 жоба)
Петропавл қаласында су құбыры, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін ауқымды жаңғырту көзделген. Жеке нысандардың тозу деңгейі 100%-ға жетеді. Жобаларды іске асыру жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, жүздеген мың тұрғынға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттырады.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдар аралығында жалпы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 1,9 трлн теңге - жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу есебінен.
Еске саламыз, ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру аясында ҚТК табиғи монополия субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады: мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жеке меншік ТМС үшін кредиттерді субсидиялау арқылы.
Баспасөз қызметі
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Тел.: +7 7172 79 75 75 (ішкі 2205)
E-mail: pr@khc.kz | www.khc.kz