«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) тұрғын үй құрылысының дамуы, қалалық ортаны реновациялау, цифрлық шешімдерді енгізу және ипотекалық кредиттеу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне арналған жыл сайынғы сараптамалық алаң - KHC Workshop 2026 іс-шарасын өткізді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс салушылар, қаржы институттары, салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қатысып, Қазақстанның құрылыс секторының негізгі трендтері мен даму перспективаларын талқылады.
Қатысушыларға құттықтау сөзбен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев сөз сөйледі.
«Өткен жылы елімізде тұрғын үй құрылысының көлемі 20,1 млн шаршы метрді құрап, тарихи рекорд орнатты. Бүгінде құрылыс саласының алдында цифрландыруды ескере отырып сапалы трансформация жасау, энергия тиімділігінің жоғары стандарттарына көшу, реновация және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру сынды маңызды міндеттер тұр. KHC Workshop мемлекет пен бизнес үшін тиімді әрі өзара пайдалы даму модельдерін іздеуге ықпал етеді», - деді Алтай Күздібаев.
KHC Workshop 2026-ның басты назарында тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа тетігі - реновация жобаларын кепілдендіру таныстырылды. Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы әзірлеген бұл жаңа құрал реновация жобаларын кешенді қолдауды көздейді. Атап айтқанда, құрылыс салушылардың міндеттемелерін кепілдендіру, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған құралдар қамтылған. Реновацияға кепілдік енгізу тұрғын үй қорын жүйелі түрде жаңартуға және қалалық аумақтарды кешенді дамыту жобаларын іске асыруға маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар, Workshop 2026 аясында ҚТК өкілдері өңірлерге арналған «Орда Аймақ Плюс» жаңа серіктестік бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Бағдарламаның негізгі артықшылығы - жылдық мөлшерлеменің төмендетілуі, шамамен 10,9%-дан 14,9%-ға дейінгі көрсеткішті қамтиды - бұл қарыз алушылардың ай сайынғы қаржылық жүктемесін азайтады. Мөлшерлеме несие мерзіміне, бастапқы жарна көлеміне және серіктестік келісімдердің шарттарына байланысты белгіленеді.
Іс-шараның жеке бір бөлімі саланы цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналды. Қатысушылар «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде үлестік қатысу объектілеріндегі үлестерге кепілді тіркеу тәжірибесімен танысты. Бұрын үлеске кепілді тіркеу үшін ХҚКО-ға жүгіну немесе blockchain технологиясына негізделген жеке сервисті пайдалану қажет болса, бүгінде бұл үдеріс толықтай онлайн форматқа көшірілген. Кепілді тіркеу екі жолмен жүзеге асырылады: «Қазреестр» жүйесіндегі кепіл ұстаушының жеке кабинеті арқылы немесе API-сервис көмегімен.
Еске сала кетсек, заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, үлестік қатысу туралы барлық жаңа шарттар (ҮҚШ) енді тек электрондық форматта жасалады. Қазіргі таңда жүйеде 17 әкімдік, 200 құрылыс салушы және 553 уәкілетті компания жұмыс істейді. 1 350-ден астам үлестік құрылыс нысаны және 218 мыңнан астам ҮҚШ тіркелген, олардың 63 мыңы электронды түрде рәсімделген. Сонымен қатар, «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде деректер болмаған жағдайда салынып жатқан объектілердің кез келген түрдегі жарнамасына тыйым салынды (айыппұл — 1000 АЕК, яғни 4,3 млн теңге). Үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкциялары 300 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (әрбір факт бойынша 2000 АЕК, яғни 8,6 млн теңге).
Бұдан бөлек, ҚТК «Тұрғын үй порталы» ақпараттық жүйесі негізінде Аналитикалық орталықтың іске қосылатынын хабарлады. Жаңа платформа 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастайды және Қазақстандағы үлестік тұрғын үй нарығы бойынша интерактивті аналитиканы, ашық дереккөздерде жоқ бірегей мәліметтерді, өңірлік статистиканы және тәулік бойы өзекті ақпаратқа қолжетімділікті ұсынады.
ҚТК тұрақты даму мәселелеріне де ерекше көңіл бөлуде. Сарапшылар жасыл құрылыс бағыттарын дамыту және ҚТК-ның қаржыландыру мен кепілдендіру құралдары арқылы жүзеге асырылатын құрылыс жобаларына отандық тауар өндірушілердің қатысуын кеңейту тәсілдерін таныстырды.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасу мен кәсіби талқылаулардың тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мен Қазақстанда сапалы қалалық ортаны дамытудағы маңызын атап өтті.