«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясындағы жобаларды қаржыландыруды жалғастыруда. Жобаны іске асыру шеңберінде Компания Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары әкімдіктерінің облигацияларын сатып алды.
Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлемі 27,3 млрд теңгені құрады.
Қаржыландырылатын жобалар өңірлердегі сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғыртуға және коммуналдық инфрақұрылымға цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы
Өңірде Өскемен қаласындағы су құбыры желілерінің жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Желілердің тозу деңгейі 59%-дан асады, бұл апаттық ажыратуларға әкелуде. Жобаны іске асыру нәтижесінде әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, 2 200-ден астам абонент тұрақты әрі сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
Жамбыл облысы
Тараз қаласында су құбыры және квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. 1962 жылы пайдалануға берілген су құбыры желілерінің тозу деңгейі 95%-ға дейін жеткен. Қайта жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы — 5,6 км. Сонымен қатар жылу желілері жаңартылып, бұл 2 200-ден астам тұрғынның жылумен қамтылу сапасын арттырып, жүйенің қуаттылығын күшейтеді.
Жетісу облысы
Өңірде Талдықорған және Текелі қалаларындағы жылу, су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғыртуды, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру процестерін автоматтандыруды қамтитын 7 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар желілердің тозуын азайтып, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға және 60 мыңнан астам тұрғынды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысы
Ақсай қаласында кәріз желілерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Желілердің орташа тозу деңгейі 79%-дан асады. Жобаларды іске асыру су бұру жүйесінің сенімділігін арттырып, 1 мыңнан астам абонентке сапалы қызмет көрсетуге жағдай жасайды.
Қарағанды облысы
Абай қаласындағы магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту және «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенін жаңарту жобалары қаржыландырылуда. Нәтижесінде Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентіндегі 695 мыңнан астам тұрғын санитариялық талаптарға сай сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі, инфрақұрылымның тозу деңгейі едәуір төмендейді.
Қостанай облысы
Өңірде Рудный, Лисаковск және Жітіқара қалаларында жылу желілерін қайта жаңғырту және энергия ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу жобалары іске асырылуда. Бұл жобалар шығындарды азайтуға, жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған және 20 мыңнан астам абонентті қамтиды.
ЭКСЖ ұлттық жобасына сәйкес 2025–2029 жылдар аралығында жалпы көлемі 13,5 трлн теңге, оның ішінде 1,9 трлн теңге ЖАО МБҚ сатып алу есебінен бағыттау жоспарланған.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ табиғи монополия субъектілерін екі механизм арқылы қаржыландырады:
• мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындар үшін әкімдіктер облигацияларын сатып алу арқылы;
• жеке меншік табиғи монополия субъектілері үшін кредиттерді субсидиялау арқылы.
2026 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша Компания 11 ЖАО-ның мемлекеттік бағалы қағаздарын 104,3 млрд теңге сомасына сатып алды.
Баспасөз қызметі
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
+7 (7172) 79-75-75, ішкі 2205
pr@khc.kz, www.khc.kz