ОКҚ-да Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының қатысуымен тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетіктері талқыланды

ОКҚ-да Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының қатысуымен тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетіктері талқыланды

2026 жылғы 23 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Реновация және мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев және «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы) Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков қатысты.

Брифинг барысында апатты және ескі тұрғын үй қорын реновациялау тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер таныстырылды. 2029 жылға дейін апатты және ескі тұрғын үйлердің 40 мың меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін заңнама жетілдіріліп, үлестік тұрғын үй құрылысы құралдарын пайдалана отырып, реновацияның жаңа тетігі енгізілуде.

Жаңа тетіктер:

  • меншік иелерін «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша тең көлемдегі жаңа тұрғын үйге көшіруді;
  • апатты тұрғын үйді нарықтық құны бойынша сатып алу мүмкіндігін;
  • құрылыстың аяқталуына Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ тарапынан кепілдік беруді көздейді.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбековтің айтуынша, Бірыңғай оператордың кепілдігі үлескерлерге екінші деңгейлі банктерден құрылыс кезеңінде-ақ ипотекалық қарыз алуға мүмкіндік береді. Бұл пайдалануға берілген тұрғын үймен салыстырғанда баспананы неғұрлым қолжетімді бағамен сатып алуға жол ашады.

«Сонымен қатар, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдігі құрылыстың аяқталмай қалу тәуекелдерін толықтай жабады. Кепілдік жағдайы туындаған болса Компания тұрғын үй құрылысының толық аяқталуын қамтамасыз етеді», – деді Исламбек Қайырбеков.

Сондай-ақ ол ҚТК кепілдігімен іске асырылатын барлық жобаларға жылдық 15,9% мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы 20%, мерзімі 20 жылға дейінгі «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасы қолданылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Компания реновация жобаларын қоса алғанда, кешенді тұрғын үй құрылысы жобаларын іске асыратын құрылыс салушыларға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынады. Қаржыландыру әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылымы бар, жалпы ауданы кемінде 10 мың шаршы метр болатын жобаларға жылдық 12,6% мөлшерлемемен 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Жаңа тетікті енгізу нәтижесінде жыл сайын 6–7 мыңға дейін пәтерді жаңарту, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, реновация бағдарламаларына деген сенімді арттыру және тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстарының тиімділігін жоғарылату күтілуде.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz

Фотогалерея