«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның ресми түсіндірмесі

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның ресми түсіндірмесі

Бұқаралық ақпарат құралдарында Компания мен сот орындаушысы арасындағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулыларды заңсыз деп тануға қатысты сот даулары жөнінде жарияланған материалдарға байланысты «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ төмендегіні хабарлайды.

Әкімшілік талап қою қолданыстағы атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қорғау және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында берілді. Сотқа жүгінуге мынадай мән-жайлар негіз болды:

  • «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жалға алушының меншігі болып табылмайды, сондықтан оның жалғыз тұрғын үйі ретінде қарастырылмайды.
  • «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық құжаттың талаптарын атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі айдан кешіктірмей орындауға міндетті. Қаралып отырған атқарушылық іс жүргізулер 2025 жылғы тамыз айында қозғалған.
  • Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулылар шығарылғанға дейін мемлекеттік сот орындаушысы сот актісін орындауға бағытталған заңнамада көзделген шараларды, оның ішінде хабарламалар жіберу, тараптарды шақыру, ескертулерді табыстау және ерікті түрде орындау үшін мерзім беру сияқты қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асырмаған.

Сонымен қатар, айта кететін жайт «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен аталған жалға алушылар арасында дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасалып, олар соттың белгіленген тәртіппен бекітуінен өтті.

Тараптардың өзара қолайлы келісімге келуіне байланысты қазіргі уақытта тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық іс жүргізулер тоқтатылды.

Сондай-ақ, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары сілтеме жасаған жарияланымдардың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында орналастырылған сот практикасына жасалған шолу екенін және нақты істің барлық мән-жайын толық қамтымайтынын атап өтеміз.