Қазақстанда тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аналитикалық орталық іске қосылды

Қазақстанда тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аналитикалық орталық іске қосылды

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚТК) KHC.Analytics аналитикалық орталығының beta-нұсқасының іске қосылғанын хабарлайды. Бұл - Қазақстанның тұрғын үй нарығына қатысты жан-жақты талдауды бір алаңға жинақтайтын, тұрғын үй құрылысы нарығының даму серпінін көрсететін және ашық дереккөздерде жоқ бірегей ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін интерактивті дашбордтар платформасы.

KHC.Analytics платформасы 6 тақырыптық бөлімнен тұрады. Олардың бір бөлігі тегін қолжетімді болса, қалғаны ақылы жазылым арқылы ұсынылады.

• Үлестік тұрғын үй құрылысы нарығы бойынша инфографика. Бұл бөлім пайдаланушыларға Қазақстандағы үлестік тұрғын үй құрылысы нарығының жай-күйі туралы интерактивті талдау ұсынады. Мұнда жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттардың саны, екінші деңгейлі банктердің қатысуы, үлескерлердің қаражатын тартуға ҚТК берген кепілдіктер, тіркелген үлестік қатысу шарттарының (ҮҚШ) саны, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны, сондай-ақ өңірлер бөлінісіндегі нарықтың даму серпіні сияқты негізгі көрсеткіштер жинақталған. Ақпарат көрнекі дашбордтар форматында ұсынылғандықтан, үрдістерді жедел талдап, негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

• Қазақстанның тұрғын үй нарығы бойынша инфографика. Бұл бөлімде халық саны, жұмыссыздық деңгейі, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), инфляция, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі, халықтың жалақысы мен табысы, тұрғын үй кезегі және ресми статистика жарияланған сайын жаңартылып отыратын басқа да макроэкономикалық көрсеткіштер ұсынылған. Сонымен қатар тұрғын үйді пайдалануға беру, тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейі, құрылыс ұйымдары, тұрғын үй бағасы, сатып алу-сату мәмілелері және тұрғын үй нарығының басқа да маңызды көрсеткіштері туралы мәліметтер қолжетімді.

• Үлестік тұрғын үй құрылысы объектілері. Бөлімде салынып жатқан үлестік құрылыс объектілерінің саны, пәтерлер мен коммерциялық үй-жайлар, олардың жалпы ауданы, жобалардың географиясы, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі және басқа да көрсеткіштер бойынша толыққанды талдау ұсынылған.

• Объектілердің техникалық сипаттамалары. Мұнда конструктивтік шешімдер, қолданылатын құрылыс материалдары, іргетас пен терезе түрлері, жылыту жүйесі, газбен жабдықтау, абаттандыру, қауіпсіздік және инклюзивтілік бойынша мәліметтер берілген.

• Баға қалыптастыру. Бұл бөлімде сатылған тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың бір шаршы метрі құнынның жылдар, айлар және өңірлер бөлінісіндегі өзгерісі, сондай-ақ сату деңгейіне байланысты баға динамикасы көрсетілген.

• Құрылыс салушылар туралы ақпарат. Бөлімде құрылыс салушылардың рейтингтері, уәкілетті компаниялар мен олардың объектілері туралы мәліметтер, құрылыс мерзімдері, үлестерді сату көрсеткіштері және пәтерлердің сипаттамалары қамтылған.

Мұндай толыққанды ақпарат БАҚ өкілдері мен сарапшыларға ел деңгейіндегі жалпы көрсеткіштерден бастап нақты өңір немесе нарық сегменті бойынша статистикаға дейін дәл деректерді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал үлескерлер мен инвесторлар үшін бұл - объекті, құрылыс салушы немесе өңір бойынша нақты деректерге сүйене отырып шешім қабылдаудың тиімді құралы.

«KHC.Analytics бұған дейін ашық қолжетімді болмаған мүмкіндікті ұсынады - үлестік тұрғын үй құрылысы нарығы бойынша көрсеткіштердің уақыт бойынша өзгерісі мен өңірлер арасындағы салыстырмалы талдауын қамтитын бірегей деректер. Бұл бір реттік есеп емес, күн сайын пайдалануға болатын «тірі» дашборд. Бұған дейін тұрғын үй нарығында әркім өз бағалауына сүйеніп келді, ал сарапшылардың, құрылыс салушылардың және агенттіктердің мәліметтері көбіне бір-біріне сәйкес келмейтін. KHC.Analytics тұрғын үй нарығының негізгі әрі сенімді ақпарат көзіне айналғанын қалаймыз», – деді ҚТК Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.

Ақылы жазылым тарифтері

Кезең

Құны

Айлық есеппен

1 ай

9 900 теңге

9 900 теңге/ай

6 ай

53 460 теңге

8 910 теңге/ай

12 ай

95 040 теңге

7 920 теңге/ай

Толығырақ: https://homeportal.kz/analytics/kz