«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «ForteBank» АҚ кешенді құрылыс жобаларын қаржыландыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «ForteBank» АҚ кешенді құрылыс жобаларын қаржыландыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

2026 жылғы 29 шілдеде  «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, ҚТК) мен «ForteBank» АҚ кешенді құрылыс жобаларын қаржыландыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

ForteBank-пен келісімге қол қою шартты қаржыландыру тетігін практикалық іске асырудың бастамасы болып табылады және құрылыс салушыларға заманауи тұрғын үй жобаларын, оның ішінде тұрғын үй қорын реновациялау аясындағы кешенді құрылыс жобаларын іске асыру үшін қосымша қаржыландыру көзін ұсынуға мүмкіндік береді.

Аталған тетік ҚТК қаражатын ForteBank-те шартты салым түрінде орналастыруды көздейді. Осы қаражат есебінен банк кешенді тұрғын үй құрылысы жобаларын іске асыратын компанияларды қаржыландыратын болады.

ҚТК тарапынан ұсынылатын қорландырудың арқасында құрылыс салушылар ForteBank арқылы жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын қаржыландыруға қол жеткізе алады. Мұндай шарттар қаржылық жүктемені төмендетуге және тұрғын үй құрылысына, абаттандыру жұмыстарына, сондай-ақ қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көбірек қаражат бағыттауға мүмкіндік береді.

Қаржыландыру аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған жаңа жобаларды да, қолданыстағы құрылысты жаңғырту мен заманауи тұрғын үй ортасын қалыптастыруды көздейтін реновация жобаларын да іске асыруға бағытталуы мүмкін.

Жобаларды қаржыландыру ынтымақтастық туралы келісімнің, тиісті жобалық келісімнің және ҚТК мен ForteBank арасында жасалатын шартты салым туралы шарттың негізінде жүзеге асырылады.

«ForteBank-пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою шартты қаржыландыру тетігін іске қосудың маңызды кезеңі болып табылады. Біздің мақсатымыз – құрылыс салушылардың қолжетімді банктік қаржыландыру тарту мүмкіндіктерін кеңейтетін әрі кешенді құрылыс жобаларын, оның ішінде реновация жобаларын тиімді іске асыруға мүмкіндік беретін түсінікті әрі тиімді қаржы құралын нарыққа ұсыну», – деді «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков.

ҚТК халықаралық рейтингтік агенттіктердің белгіленген талаптарына сәйкес келетін екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастықты кеңейте отырып, шартты қаржыландыру тетігін жүйелі түрде дамытып келеді. Аталған тетікті іске асыру құрылыс саласына банктік қаржыландыруды тартуға, кешенді құрылыс жобаларының, оның ішінде тұрғын үй қорын реновациялау және жаңғырту жобаларының тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік міндеттерді іске асыруға ықпал етеді.

«Қазақстан Тұрғын үй  Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz


Фотогалерея