Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында Павлодар облысы әкімдігінің 2,2 млрд теңге көлеміндегі облигацияларын сатып алды.
ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ҚТК табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) екі тетік бойынша қаржыландырады: мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жеке ТМС үшін кредиттерді субсидиялау арқылы.
ҚТК-ның әкімдік облигацияларын кезекті сатып алуы Павлодар облысындағы тағы бір сумен жабдықтау нысанын жаңғыртуға бағытталды.
Қаржыландырылатын нысан:
Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы №1 сорғы станциясын реконструкциялау – 2,2 млрд теңге.
№1 сорғы станциясы 1966 жылы пайдалануға берілген, электр және технологиялық жабдықтарының тозу деңгейі 100%-ды құрайды. Жобаны іске асыру Майқайың кентіне, «Майқайыңзолото» АҚ-ға, «Богатырь Көмір» ЖШС-не, «Теміржолсу Павлодар» ЖШС-не, Құрылысшы және Қоянды кенттеріне ауыз судың берілу сенімділігін арттыруға, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиілікті реттейтін жетектері және бірқалыпты іске қосу жүйесі бар жаңа сорғы жабдықтарын орнату қаладағы сумен жабдықтау жүйесінде гидравликалық соққылардың алдын алуға, электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға, заңды тұлғалардың нысандары мен кент тұрғындарын техникалық және ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ЭКСЖ аясында Павлодар облысында облигацияларды кезекті сатып алу – 2029 жылға дейін есептелген еліміздегі ауқымды жобалардың бірін іске асырудың жалғасы. Оның мақсаты – ел бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және халыққа коммуналдық қызметтердің сенімді әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету.
Баспасөз қызметі
«Қазақстанның Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
+7 7172 797575, ішкі 2205
pr@khc.kz, www.khc.kz