«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ соңғы уақытта Компания қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеттері жиілегенін хабарлайды.
Кейінгі кезде алаяқтардың WhatsApp мессенджері арқылы өздерін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға Компаниямен өзара іс-қимылына қатысты ақпарат сұрайтын жағдайлар тіркелуде. Хат алмасу барысында алаяқтар әртүрлі нысандар мен сауалнамаларды толтыру үшін сілтемелер жіберуі мүмкін. Мұндай сілтемелерге өту және дербес деректерді енгізу алаяқтардың пайдаланушылардың аккаунттарына қол жеткізуіне және кейіннен мессенджерлерді бұзуына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты азаматтарды қырағылық танытып, осындай арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырамыз.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ азаматтарға мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- белгісіз тұлғалардан алынған күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- дербес деректер мен растау кодтарын бөгде ресурстарға енгізбеңіз;
- үшінші тұлғаларға SMS және мессенджерлер арқылы келетін кодтарды хабарламаңыз;
- әңгімелесуші өзін Компания қызметкері ретінде таныстырған жағдайда, оның кім екенін мұқият тексеріңіз;
- күмән туындаған жағдайда, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ға Компанияның сайтында көрсетілген ресми байланыс арналары арқылы хабарласыңыз.