ҚТК «ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясында «Қарағанды Жарықтың» төртінші жобасын субсидиялауды мақұлдады

ҚТК «ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясында «Қарағанды Жарықтың» төртінші жобасын субсидиялауды мақұлдады

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысындағы «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің «Жосалы» қосалқы станциясын реконструкциялау жобасын субсидиялауды мақұлдады.

2026 жылғы 11 қыркүйекте мақұлданған жоба компанияның субсидиялау шеңберінде іске асыратын төртінші жобасы болды. Алғашқы үш жоба 2026 жылғы 17 маусымда мақұлданған.

Төрт жобаның жалпы құны 16,671 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ұсынған қарыз қаражаты есебінен 10 жыл мерзімге жүзеге асырылады.

Маусым айында мақұлданған үш жоба шеңберінде «Қарбышека – Қарағайлы» және «Астаховка-Шоқай» учаскелеріндегі электр желілерін, сондай-ақ «РТИ» қосалқы станциясын реконструкциялау көзделген.

Қарағандыдан 73 км қашықтықта орналасқан «Астаховка – Шоқай» учаскесінде қолданыстағы әуе электр беру желісін жөндеу және жаңа желі салу жоспарлануда. Трассаның ұзындығы 19,2 км-ден 38,4 км-ге дейін ұлғайып, тозу деңгейі 90%-дан 0%-ға дейін төмендейді.

110/6 кВ «РТИ» қосалқы станциясы Қарағандыдан 30 км қашықтықтағы Саран қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Жабдықтарды толық ауыстыра отырып реконструкциялау нәтижесінде жиынтық трансформаторлық қуат 80 000 кВА-дан 126 000 кВА-ға дейін артады, ал жабдықтардың тозу деңгейі 90%-дан 0%-ға дейін төмендейді.

«Карбышевка-Қарағайлы» учаскесі аттас ауылдардың арасында, Қарқаралы ауданында, Қарағандыдан 180 км қашықтықта орналасқан. Мұнда қолданыстағы әуе электр беру желісін жөндеу және жаңа желі салу көзделген. Трассаның ұзындығы 39 км-ден 78 км-ге дейін ұлғайып, тозу деңгейі 92%-дан 0%-ға дейін төмендейді.

Төртінші жоба Қарағанды-Қарқаралы автомобиль жолынан 29 км қашықтықта, асфальтталған автомобиль жолдарынан едәуір шалғайда орналасқан «Жосалы» қосалқы станциясын реконструкциялауды көздейді.

Жоба шеңберінде 10 және 35 кВ шиналар секциясын және екі 35 кВ күштік трансформаторды орнату қарастырылған. Бұл жиынтық трансформаторлық қуатты 1 000 кВА-дан 2 000 кВА-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қосалқы станцияның тозу деңгейін 89%-дан 0%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Жобаларды іске асыру қажеттілігі электр желілері мен жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты туындап отыр. Жекелеген нысандарда бұл көрсеткіш 90% және одан да жоғары деңгейге жетеді.

Төрт нысанды жаңғырту аса маңызды энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға, тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және технологиялық бұзушылықтар тәуекелдерін, оның ішінде Астана мен Қарағанды арасындағы республикалық маңызы бар теміржол инфрақұрылымы учаскесіндегі тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ атынан «ЭКСЖ» Ұлттық жобасы шеңберінде субсидиялау бойынша қаржылық оператор ретінде әрекет етеді. Өз кезегінде, ҚТК табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) қаржыландыру тетіктерін іске асыруға қатысады: мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алуды жүзеге асырады, сондай-ақ жеке ТМС үшін кредиттерді субсидиялау тетігіне қатысады.

Фотогалерея