«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің облигацияларын «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында сатып алды.
Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органының облигацияларын (ЖАО МБҚ) сатып алу арқылы қаржыландыру көлемі 9,2 млрд теңгені құрады. Жобаның жалпы құны 9,7 млрд теңге.
Қаржыландырылатын нысан:
«Жерасты су құбырының V көтерілімді сорғы станциясынан С-Шығыс шағынауданындағы су құбыры камерасына дейінгі және Солтүстік-Шығыс камерасынан ССҚ-ға дейінгі диаметрі 1000 мм су құбырларын реконструкциялау».
Су құбыры үздіксіз жұмыс істейтін нысан болып табылады және Орал қаласындағы 128 974 абонентті (оның ішінде тұрғын үй секторын, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды) ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған.
Нысан 2018 жылдан бері пайдаланылмай келеді. Желілер мен ілеспе құрылыстар апатты жағдайда, олардың техникалық жай-күйі сын көтермейді. Темірбетон жабын плиталары мен камералардың бұзылуы, гидрооқшаулаудың және электрохимиялық қорғау құрылғыларының толық болмауы, сондай-ақ ысырма арматурасы мен металл баспалдақтардың қатты коррозияға ұшырауы байқалады.
Сумен жабдықтаудың тұрақтылығын қалпына келтіру үшін ескі конструкцияларды толық бөлшектеп, жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет.
Жобаны қаржыландыру Орал қаласына берілетін су көлемін арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың басынан бері «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ әкімдіктерге жалпы сомасы 169,1 млрд теңге болатын облигациялық қарыздар берді.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдар аралығында барлығы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарлануда, оның ішінде 1,9 трлн теңге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алуға қарастырылған.
ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ҚТК табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) екі тетік арқылы қаржыландырады: мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу және жеке ТМС үшін кредиттерді субсидиялау арқылы.