«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) «Украина қаржы тұрғын үй компаниясы» ЖАҚ (УҚТК) делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау, құрылыс салушылардың жобаларын қаржыландыру және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Украина делегациясының құрамында басқарма төрағасы Евгений Мецгер, басқарма мүшесі Ярослава Авраменко және бизнесті дамыту департаментінің директоры Андрей Тарасенко болды.
Кездесу барысында ҚТК өкілдері компания қызметінің негізгі бағыттары мен тұрғын үй құрылысын қолдаудың практикалық құралдарын таныстырды. Украина тарапын келесі тетіктер ерекше қызықтырды:
- сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй ұсыну;
- кешенді құрылыс және реновация жобаларын қаржыландыру;
- жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау;
- аз қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру;
- ипотекалық өнімдер.
Тараптар үлестік құрылыс нысандарының аяқталуын қамтамасыз ету, сатып алушылар үшін тәуекелдерді азайту және тұрғын үй жобаларының тұрақтылығын арттыру тәсілдерін де жеке талқылады.
Украина тарапы УҚТК-ның Украина азаматтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға, жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығындағы сұранысты ынталандыруға және құрылыс саласын қолдауға бағытталған «єОселя» жеңілдікпен ипотекалық кредиттеу бағдарламасының мемлекеттік операторы ретіндегі қызмет тәжірибесімен бөлісті.
Тәжірибе алмасу аясында кездесу қатысушылары ипотекалық кредиттеуді ұйымдастыру, қаржыландыруды тарту, банктермен және құрылыс салушылармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін мемлекеттік қолдау құралдарын қолдану тәсілдерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрғын үйді қаржыландыру саласындағы халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі кәсіби ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.
ҚТК тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктерін жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған озық халықаралық тәжірибелерді зерделеу мен қолдануды жалғастырады.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz