Астанада Қытай, Германия және Қазақстан сарапшыларының қатысуымен энергия тиімді тұрғын үй құрылысына арналған халықаралық форум өтті

Астанада Қытай, Германия және Қазақстан сарапшыларының қатысуымен энергия тиімді тұрғын үй құрылысына арналған халықаралық форум өтті

2026 жылғы 22–23 қазан күндері Астанада «Энергия тиімді тұрғын үй құрылысы: Қытай, Германия және Қазақстан технологиялары мен ынтымақтастығы» атты халықаралық форумы өтті. Іс-шараны «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) ұйымдастырды.

Форум халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу орталықтарының, құрылыс компанияларының, энергия тиімді материалдар мен жабдықтар өндірушілерінің өкілдерін, сондай-ақ тұрақты құрылыс саласындағы сарапшыларды біріктірді. Іс-шараның негізгі мақсаты халықаралық тәжірибе алмасу және Қазақстанның тұрғын үй құрылысында заманауи энергия тиімді технологияларды енгізу перспективаларын талқылау болды.

Форумға қатысушыларға «Бәйтерек» ұлттық инвистициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Үсен құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара барысында Қытай делегациясының, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының (GIZ), Германияның энергетикалық агенттігінің (dena) және Қазақстанның салалық ұйымдарының өкілдері сараптамалық баяндамалар жасап, энергия тиімді тұрғын үй құрылысы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның бірінші күнінің бағдарламасы тұрғын үй қорын декарбонизациялау, энергия тиімді құрылыс және заманауи құрылыс технологияларын енгізу мәселелеріне арналды. Қатысушылар Германия мен Қытай ғимараттарының энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибесін, пассивті үй құрылысының дамуын, заманауи жылу оқшаулағыш материалдарды, энергия тиімді терезелер мен есіктерді қолдануды, сондай-ақ энергия тұтынуы өте төмен ғимараттардың ауа өткізбейтін технологияларын талқылады.

FELICITY II жобасына, тұрақты құрылыс саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа және шетелдік технологиялық шешімдерді Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінің климаттық жағдайларына бейімдеу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Қытай компанияларының өкілдері төмен көміртекті құрылыс, инженерлік жүйелер және ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру саласындағы инновациялық шешімдерді таныстырды. Талқылау барысында қатысушылар ұсынылған технологияларды Қазақстандағы тұрғын үй жобаларында қолдану перспективаларын қарастырды.

Форумда заманауи құрылыс материалдарына, соның ішінде вакуумдық жылу оқшаулағыш панельдерге, аэрогель плиталарына, графит қосылған пенополистиролға және жылу оқшаулаудың басқа да түрлеріне ерекше назар аударылды. Бұл материалдарды қолдану ғимараттардың қоршау конструкцияларының жылу сақтау қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді.

Перспективалы шешімдердің қатарында фотоэлектрлік жүйелерді ғимарат элементтеріне кіріктіру, радиациялық салқындату технологияларын пайдалану және энергия тұтынуды бақылаудың зияткерлік жүйелерін енгізу де таныстырылды. Бұл технологиялар сыртқы электр желілерінен алынатын энергия көлемін азайтуға және нысандарды пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

«Тұрғын үй секторын дамыту барысында оның энергия тиімділігін арттыруда зор әлеует бар екенін көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстанда шамамен 300 мың көппәтерлі тұрғын үй бар, олардың 50%-ға жуығы 50 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Бұл ғимараттардың орташа энергия тұтынуы жылына бір шаршы метрге 300–350 кВт·сағ құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Германияда жаңғыртудан өткен осындай тұрғын үй қорының энергия тұтынуы жылына бір шаршы метрге 60–70 кВт·сағ деңгейінде. Бұл энергия тиімділігін арттырудың бес есеге дейінгі әлеуеті бар екенін көрсетеді.

Сондықтан ҚТК үшін Германия мен Қытайдың тұрғын үй қорын жаңғырту, энергия тиімді құрылыс және инновациялық материалдарды қолдану саласындағы озық тәжірибесі ерекше маңызды. Технологиялар трансфері біздің ESG-саясатымызды іске асырумен тікелей байланысты. Ал азаматтардың өмір сүру сапасы мен жайлылығын арттыру — біздің басты мақсатымыз», — деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.

Бағдарламаның маңызды бөлігі «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен Бейжің қаласы ғимараттардың энергия тиімділігі жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы арасында энергия тиімді тұрғын үй құрылысы саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.

Форумның өткізілуі энергия тиімді тұрғын үй құрылысы саласында озық тәжірибе алмасуға және Қазақстан, Қытай мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Жинақталған тәжірибе мен орнатылған іскерлік байланыстар инновациялық технологияларды кеңінен қолдануға, ғимараттардың энергия тұтынуын азайтуға және жайлы, экологиялық әрі орнықты қала ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Қазақстан Тұрғын үй  Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
​
pr@khc.kz, www.khc.kz


Фотогалерея