«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, ҚТК) мен «Bank RBK» АҚ кешенді тұрғын үй құрылысы жобаларын шартты қаржыландыру тетігін дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Бұл серіктестік отандық құрылыс салушылардың жеңілдетілген шарттармен банктік кредит алуға қолжетімділігін кеңейтуге және ауқымды тұрғын үй жобаларын іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға, оның ішінде қалалық аумақтарды кешенді дамыту мен ескірген құрылыс нысандарын реновациялауға ықпал етеді.
Келісім аясында ҚТК қаражатын кейіннен құрылыс салушыларға нысаналы кредит беру үшін шартты салымдар түрінде Bank RBK-ға орналастыру көзделген. ҚТК ұсынатын қаржыландырудың арқасында банк белгіленген талаптарға сәйкес кешенді тұрғын үй құрылысы жобаларын жылдық 12,6% жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландыра алады.
Бұл тетікті қолдану қарыз қаражатын тарту құнын төмендетуге, құрылыс салушылардың қаржылық жүктемесін азайтуға және құрылыс жобаларының экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қаржыландырудың басым бағыты жеке тұрғын үй кешендерін салумен шектелмей, қажетті әлеуметтік, коммерциялық және инженерлік инфрақұрылымы бар толыққанды тұрғын үй кварталдар мен шағын аудандарды құруды көздейтін кешенді тұрғын үй құрылысы жобалары болады. Мұндай тәсіл халықтың жайлы өмір сүруіне, жұмыс істеуіне және демалуына қолайлы жағдай жасайтын заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Кешенді құрылыс жобаларын іске асыру тұрғын үй нысандарын, көлік және жаяу жүргіншілер қатынасын, қоғамдық кеңістіктерді, аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыруды өзара үйлестіре отырып жоспарлауды көздейді. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының сапасын арттыруға және қалалық аумақтарды ұтымды дамытуға бағытталған кешенді тұрғын үй құрылысының белгіленген талаптары мен стандарттарына сәйкестікке ерекше мән беріледі.
Құрылыс салушылар үшін шартты қаржыландыру тетігі ауқымды қаржы ресурстарын қажет ететін жобаларды іске асыруға қолжетімді кредит қаражатын тартудың қосымша мүмкіндіктерін ашады. Екінші деңгейдегі банктер үшін ҚТК-мен ынтымақтастық нысаналы қаржыландыру есебінен құрылыс саласын қаржыландыруға қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл тетікті іске асыру инвестициялық белсенділікті ынталандыруға, құрылыс саласын дамытуға және нарықтағы сапалы тұрғын үй ұсынысын арттыруға ықпал етеді.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «Bank RBK» АҚ арасында жасалған келісім күшіне енді және кешенді тұрғын үй құрылысы жобаларын қаржыландыру бағытындағы тараптардың одан әрі ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.
*****
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ — тұрғын үй құрылысын қаржыландырумен және қолдаумен айналысатын «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы. ҚТК 2000 жылы «Қазақстандық ипотекалық компания» атауымен құрылған. 2021 жылдан бастап «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-мен бірігу нәтижесінде компания атауын өзгертіп, тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторы мәртебесіне ие болды.
ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру, кешенді құрылыс жобаларын қаржыландыру, әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы тұрғын үйді сатып алу, ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын дамыту және өзге де құралдардың кең ауқымын іске асырады.
Bank RBK қазіргі уақытта Қазақстандағы қаржылық тұрақтылығы жоғары әрі қарқынды дамып келе жатқан банктердің бірі болып табылады. Корпоративтік несие портфелінің көлемі бойынша ірі коммерциялық банктер арасында 5-орынды, активтер көлемі бойынша 7-орынды, ал меншікті капиталының көлемі бойынша 10-орынды иеленеді.
Банк еліміздің ірі экономикалық орталықтарын қоса алғанда, әртүрлі өңірлерде орналасқан 13 филиалы арқылы клиенттерге белсенді қолдау көрсетеді. Кең филиалдық желісінің арқасында Bank RBK шамамен 33 мың корпоративтік және 1 миллионға жуық клиентке қызмет көрсетеді.
15.07. 2026 жылы ҚР ҚНРДА берген № 1.1.821.135 лицензиясы.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 7172 797575, ішкі: 2550
pr@khc.kz, www.khc.kz
«Bank RBK» АҚ
Баспасөз қызметі
+7 727 330-90-30, ішкі: 1518
Shen_v @bankrbk.kz, www.bankrbk.kz