«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, ҚТК) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Талдықорған акционерлік электржүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ-ның (ТАЭТК) Жетісу облысының электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын іске асыруына субсидия беруді мақұлдады. Жобалардың жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды.
Бағдарлама аясында Кербұлақ, Ақсу, Сарқан және Ескелді аудандарында орналасқан электр желілері инфрақұрылымының бес нысанын қайта жаңғырту көзделген. Олардың қатарында Ақсу ауданының Арасан учаскесі мен Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылы да бар.
Жаңғырту қажеттілігі электр желілерінің физикалық тозу деңгейінің жоғарылығымен байланысты. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 78,5%-ды құрайды. Инфрақұрылымды жаңарту электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясын беру кезіндегі үзілістер тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаларды қаржыландыруды «Қазақстанның даму Банкі» АҚ 12 жыл мерзімге ұсынады. ҚТК мақұлдаған субсидиялау тетігі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қолдау көрсетуге және оны пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жобалар іске асырылғаннан кейін электр энергиясының шығындары мен операциялық шығындарды азайту, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары мен кәсіпорындарын электрмен жабдықтау сапасы мен тұрақтылығын арттыру күтілуде.
Анықтама: энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру аясында ҚТК табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) екі тетік бойынша қаржыландырады: мемлекеттік қатысуы бар ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және жеке ТМС үшін кредиттерді субсидиялау арқылы. Негізгі мақсаты – инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және елдің энергетикалық әрі коммуналдық секторларының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.