«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы, ҚТК) және Тұрғын үй саласындағы басқару, сервистік және энергия сервистік қызмет субъектілерінің «Шаңырақ» қауымдастығы Қазақстан Республикасының тұрғын үй секторындағы бастамаларды іске асыру жөніндегі Жобалық офисті құру туралы келісімге қол қойды.
Жобалық офистің негізгі мақсаты – тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін әзірлеу, стратегиялық бастамаларды үйлестіру және салаға заманауи шешімдерді енгізуге жәрдемдесу.
Жобалық офис жұмысы бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
- Нормативтік базаны жетілдіру – тұрғын үй қатынастары, құрылыс, қала құрылысы және энергия тиімділігі салаларындағы заңнаманы дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
- Тұрғын үй қорын энергетикалық жаңғырту – қаржыландыру тетіктерін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
- Аумақтарды кешенді дамыту – игерілген аумақтарды қайта дамыту, тозығы жеткен және авариялық тұрғын үйлерді жаңарту, сондай-ақ жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін қарастыру.
- Саланы цифрландыру – салалық ақпараттық жүйелерді, ғимараттардың цифрлық егіздерін дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
- Кәсіби құзыреттерді дамыту – тұрғын үй секторы мамандарын оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөнінде ұсыныстар дайындау.
- Инвестициялар тарту және қаржыландыруды дамыту – энергия сервистік келісімшарттарды, «жасыл» қаржыландыруды және мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру.
- Тұрғын үй қорын басқаруды жетілдіру – МИБ, ПИК және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың басқа да субъектілерімен өзара іс-қимылды дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
Жобалық офис жұмысына белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдар, ұйымдар, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен сарапшылар қатыса алады.
Жобалық офис әріптестік, тең құқықтылық және ерікті қатысу қағидаттары негізінде жұмыс істейді. Оның шешімдері мен ұсынымдары консультациялық сипатта болады. Нақты жобаларды іске асыру және қаржылық міндеттемелер қабылдау тараптар арасында жасалатын жеке шарттар мен қабылданатын шешімдер негізінде жүзеге асырылады.
Анықтама: «Шаңырақ» қауымдастығы – жылжымайтын мүлікті басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ғимараттарды пайдалану және энергетикалық сервис салаларындағы кәсіби қоғамдастықты біріктіретін Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымы.
2026 жылы Қауымдастық GIZ және «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, ғимараттарды энергетикалық жаңғырту жөніндегі кешенді жобаға қатысуда. Бірлескен жоба Астана және Көкшетау қалаларындағы тұрғын үйлерді, коммерциялық ғимараттар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қоса алғанда, 80 нысанды қамтиды.