2026 жылғы 20 қараша күні Астана қаласында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚТК) ұйымдастыруымен жыл сайынғы KHC Workshop 2026 өтті.
Практикалық алаң мемлекеттік органдардың, қаржы секторының, құрылыс компанияларының және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктіріп, тұрғын үй құрылысы мен үлестік қатысу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында ҚТК тұрғын үй құрылысы саласындағы Бірыңғай оператор ретіндегі соңғы 6 жылдағы қызметінің қорытындысын шығарып, жаңа цифрлық құралдарды, оның ішінде құрылыс салушылардың рейтингтік моделін, құрылыс салушының бірыңғай цифрлық профилін және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығындағы «көлеңкелі» сектордың үлесін бағалау тетігін таныстырды.
Осы кезеңде Компания тұрғын үй құрылысын қолдау құралдарын едәуір кеңейтіп, қаржылық көрсеткіштерін нығайтты және тұрғын үй нарығының ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырды.
2020 жылдан бастап Бірыңғай оператордың құралдары арқылы тұрғын үй құрылысын қолдауға 4,8 трлн теңге бағытталды. Оның қатысуымен 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 630 мыңнан астам азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсарды.
Тұрғын үй құрылысын қолдау ауқымын кеңейту
Алты жыл ішінде ҚТК қызмет ауқымын едәуір арттырды. Компанияның активтері 62%-ға – 1,375 трлн теңгеден 2,227 трлн теңгеге дейін өсті. Қаржылық қолдаудың жылдық көлемі 900 млрд теңгеге жетті, ал Бірыңғай оператордың құралдары арқылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1,3 млн-нан 3 млн шаршы метрге дейін ұлғайды. Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру көлеміндегі Компанияның үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өсті.
Нәтижесінде тұрғын үй құрылысын қолдаудың кең ауқымды құралдары қалыптастырылды:
- Жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу. Кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй есебінен 7,6 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 104 мың пәтер пайдалануға берілді. Қаржыландыру көлемі 1,9 трлн теңгені құрады. Бұдан бөлек, ҚТК инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды және Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭКСЖ) қаржыландыруды қамтамасыз етті. Қаржыландырудың жалпы көлемі 401 млрд теңгені құрады.
- Үлестік құрылысты кепілдендіру. Кепілдендіру көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Көппәтерлі және аз қабатты тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ реновация жобалары бойынша 271 кепілдік берілді. 72 мыңнан астам үлескердің құқықтары қорғалды. Аталған құралды пайдалану арқылы 5,6 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 62 мың пәтер пайдалануға берілді.
- Қалаларды кешенді дамыту. Төрт жоба аясында 526 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 6,3 мың пәтер пайдалануға берілді. Қаржыландыру көлемі 39 млрд теңгені құрады.
- Құрылыс салушыларды субсидиялау. Осы тетіктің арқасында 334 мың шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 3 мың пәтер пайдалануға берілді. Жасалған шарттардың сомасы 31,4 млрд теңгені құрады.
- Ипотека және сатып алу құқығымен жалға беру. Жалпы сомасы 80 млрд теңгеге 5,5 мың шарт жасалды.
Маңызды нәтижелердің бірі – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың көлеңкелі нарығы үлесінің 68%-дан 41%-ға дейін қысқаруы. Бұл саладағы ашықтықтың артып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің дамып келе жатқанын көрсетеді.
ҚТК цифрлық экожүйесі
ҚТК дамуының негізгі бағыттарының бірі – тұрғын үй құрылысы нарығын цифрлық трансформациялау. Компанияның цифрлық экожүйесінің флагманы – азаматтар, құрылыс салушылар және нарықтың басқа да қатысушылары үшін бірыңғай цифрлық платформа болып табылатын homeportal.kz тұрғын үй порталы.
Портал тұрғын үй жобалары туралы ақпаратты жинақтап қана қоймай, пайдаланушыларға құрылыс заңдылығын тексеруге, құрылыс салушылардың сенімділігін бағалауға, нысандардың іске асырылу барысын бақылауға және қажетті қызметтерді онлайн форматта алуға мүмкіндік беретін практикалық құралдарды ұсынады.
2025 жылы homeportal.kz сайтына кіру саны 1,4 млн-ды құрады. Платформа функционалын жүйелі түрде кеңейтіп, азаматтарға үлестік құрылыс нарығымен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі кезеңдерінен кеңсеге бармай-ақ өтуге мүмкіндік беретін цифрлық ортаны қалыптастыруда. Тұрғын үй порталында ҚТК кепілдігімен қамтамасыз етілген нысандардағы құрылыс барысын инжинирингтік компаниялардың ай сайынғы есептері арқылы бақылауға мүмкіндік беретін сервистер енгізілді.
Сонымен қатар Тұрғын үй порталында тұрғын үй нысанының орналасқан жері мен айналасындағы инфрақұрылымның қолжетімділігін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін «Орналасқан жерді талдау» атты жаңа функционал іске қосылды. Жаңа құрал тұрғын үй кешені орналасқан аумақ туралы толық түсінік алуға және қалалық ортаның негізгі факторларын ескере отырып, тұруға қолайлылығын бағалауға көмектеседі.
Аталмыш экожүйенің маңызды бөлігі – Қазреестр. Бүгінгі таңда жүйеде 220 мыңнан астам шарт тіркелген. Төрт мемлекеттік қызмет толықтай онлайн форматқа көшірілді: үлестік қатысу шарттарын, тұрғын үй-құрылыс кооперативтері (ТҚК) шарттарын, үлестер кепілін тіркеу және жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттарын беру.
Мемлекеттік органдар мен нарыққа қатысушылар үшін Қазреестрді мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау, ЭКСЖ бағдарламасының нысандарын Ситуациялық орталық арқылы цифрлық бақылау, сондай-ақ material.kz платформасын қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен интеграциялау бағыттары дамытылуда.
Жалпы, ҚТК цифрлық инфрақұрылымы бірнеше негізгі шешімді қамтиды:
- Тұрғын үй порталы – үлестік құрылыс нысандарын тексеруге, ҚТК қызметтерін алуға және азаматтардың қаражатын заңсыз тарту жағдайларынан қорғауға арналған онлайн-сервис.
- «Нұрлы жер» Ситуациялық орталығы – 4,1 мыңнан астам құрылыс жобасына цифрлық мониторинг жүргізу жүйесі.
- iBota AI-чат-боты – үлестік құрылысқа қауіпсіз қатысу мәселелері бойынша азаматтарға көмек көрсететін цифрлық көмекші.
- iDos AI-чат-боты – клиенттерді қолдау орталығы.
- Аналитикалық орталық – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығы туралы бірегей деректер базасын қалыптастыру.
- material.kz – отандық өндірушілердің құрылыс материалдарын ілгерілетуге және қазақстандық қамтуды дамытуға арналған B2B-платформа.
«Бүгінде тұрғын үй нарығын дамыту – бұл тек құрылыс көлемі мен қаржыландыруды ұлғайту ғана емес, сонымен қатар саланың ашықтығын, ақпараттың қолжетімділігін және азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру. Біз процестердің тиімділігін арттыруға, нарық қатысушыларын объективті бағалауды қамтамасыз етуге және құрылыс саласының дамуына қосымша жағдай жасауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды жүйелі түрде дамытып келеміз. Цифрландыруды одан әрі дамыту, аналитикалық әлеуетті арттыру және жаңа технологиялық шешімдерді енгізу Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының сапалы трансформациясының маңызды факторларына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті ҚТК Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.