ҚТК FELICITY II жобасы аясында неміс серіктестерімен ынтымақтастығын аяқтауда

ҚТК FELICITY II жобасы аясында неміс серіктестерімен ынтымақтастығын аяқтауда

Қазақстанда энергия тиімді тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған FELICITY II халықаралық жобасының қорытынды техникалық семинары өтті.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰИХ» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚТК) FELICITY II жобасы аясында неміс серіктестерімен ынтымақтастығын аяқтауда. Жоба Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ), Германияның Энергетикалық агенттігінің (dena) және Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) қатысуымен жүзеге асырылды.

Бірлескен жұмыс барысында тараптар энергия тиімді құрылыс және тұрғын үй қорын жаңғырту саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу мен енгізуге, сондай-ақ қазақстандық мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға баса назар аударды.

Бұл жұмыстың өзектілігі Қазақстанның тұрғын үй қорының қазіргі жағдайына байланысты. Көппәтерлі тұрғын үйлердің үштен бірінен астамы 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Мұндай ғимараттардың энергия тұтыну деңгейі жылына бір шаршы метрге шамамен 300–350 кВт·сағ құрайды. Ал Германиядағы жаңғыртылған үйлерде бұл көрсеткіш 60–70 кВт·сағ деңгейіне дейін төмендейді. Энергия тұтынуды азайту қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетіп қана қоймай, тұрғындардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарын да қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында құрылыс саласының өкілдеріне, оның ішінде құрылыс салушыларға, жобалаушыларға, энергетикалық аудиторларға және басқарушы компанияларға арналған техникалық семинарлар мен тренингтер өткізілді. Сонымен қатар қазақстандық мамандар Берлин мен Бейжің қалаларына таныстыру сапарларымен барып, іске асырылған нысандар негізінде энергия тиімді құрылыс саласындағы халықаралық тәжірибемен танысты.

Жобаның негізгі практикалық нәтижелері:

  • Көкшетау: көппәтерлі тұрғын үйді энергия тиімді жаңғырту бойынша толық жобалық құжаттама әзірленді. Құжаттама қала мен тұрғындарға тапсырылды.
  • Астана: GIZ және «Шар Құрылыс» компаниясымен бірлесіп, пассивті үй стандарты бойынша алғашқы тұрғын үйді жобалау жұмыстары жүргізілуде. Алынған тәжірибені Еуропалық инвестициялық банк осындай жобалар сериясын қаржыландыру кезінде қолдану жоспарлануда.
  • Кәсіби құзыреттерді дамыту: Қазақстан үшін жаңа бағыт болып табылатын энергетикалық консультанттар даярланды. Бұл мамандар тұрғын үй құрылысында энергия тиімді шешімдерді енгізуге жәрдемдесе алады.

Ынтымақтастықтың ерекше маңызы халықаралық тәжірибені Қазақстанның климаттық және технологиялық жағдайларына бейімдеумен байланысты. Жоба энергия тиімді ғимараттарды қатаң климат жағдайында да сәтті жобалап, пайдалануға болатынын көрсетті. Сонымен қатар тиісті шешімдер сәулеттік тұжырымдаманы әзірлеу кезеңінен бастап қарастырылуы қажет.

FELICITY II жобасының аяқталуына қарамастан, энергия тиімді тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Жоба барысында алынған білім, әдістемелер мен практикалық тәжірибе ҚТК-ның алдағы қызметінде пайдаланылып, тұрғын үйлерді салу және реконструкциялау кезінде заманауи тәсілдерді ілгерілетуге негіз болады.

ҚТК Қазақстанда энергия тиімді тұрғын үй құрылысын дамытуға қосқан үлесі, әріптестік және сараптамалық қолдауы үшін GIZ-ке, Германияның Энергетикалық агенттігіне (dena) және Еуропалық инвестициялық банкке алғыс білдіреді.

«FELICITY II жобасының аяқталуы – тұрғын үй қорының сапасын арттыру бағытындағы бірлескен жұмыстың аяқталуы емес, тәжірибе алмасудан Қазақстанда энергия тиімді шешімдерді іс жүзінде енгізуге көшу жолындағы маңызды кезең», – деп атап өтті ҚТК Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.