Тозығы жеткен кәріз коллекторы қайта жаңғырады

Тозығы жеткен кәріз коллекторы қайта жаңғырады

Қалада тозығы жеткен су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болып келді.

Жиі орын алатын апаттар тұрғындарға қолайсыздық туғызып, коммуналдық жүйенің сенімділігіне қауіп төндіріп отыр.

Енді бұл мәселені шешуге нақты қадам жасалды. Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту үшін миллиардтаған теңге көлемінде қаржы бөлінбек.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өкілдері еншілес ұйымы – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-мен бірлесіп Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді.

Делегация өңірде жүзеге асырылатын инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының барысымен танысып, алдағы жұмыстарды талқылады. Сапар барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Руслан Тюлегенов пен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов облигациялық қаржыландыру тетігі арқылы іске асырылып жатқан екі ірі жобаны аралады.

Олардың бірі – Қостанай қаласындағы ағынды сулардың жинақтаушы-буландырғышына дейінгі қысымды кәріз коллекторының екінші желісін қайта жаңғырту жобасы.

Ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын коллектордың тозу деңгейі 75 пайызға жеткен. Жобаны іске асыру нәтижесінде су бұру жүйесінің сенімділігі артып, 112 мыңнан астам абонент сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіледі. Аталған жобаға қаржы бөлу мақсатында 2026 жылғы 29 мамырда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ жергілікті атқарушы органның 4 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды.

Делегация мүшелері сондай-ақ Павлов және Железнодорожная көшелеріндегі су құбырларын қайта жаңғырту нысанына барды.

1968 жылы пайдалануға берілген бұл желілердің тозу деңгейі бүгінде 70-90 пайызға жеткен. Жоба аясында ескірген құбырлар ауыстырылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар жаңа тұтынушыларды қосуға жол ашылады.

Бұл мақсатқа 236,5 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталған.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Руслан Тюлегеновтің айтуынша, Қостанай облысында инфрақұрылымды жаңғыртуға жалпы 9,8 миллиард теңге қарастырылып отыр.

– Біздің мақсатымыз осы нысандардың жағдайын өз көзімізбен көру. Қаражат бөлінді, алдағы уақытта Қостанай жылу-энергетикалық компаниясына да қолдау көрсетіледі. Осы сияқты жобалар еліміздің бірнеше өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында тозығы жеткен құбырлар жаңарып, апаттар саны азаяды. Біз мемлекеттік ұйымдарды қолдау бағытында жұмыс істейміз. Қостанай облысында да бірнеше маңызды жоба іске асады, – дейді ол.

Өз кезегінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов өңірдегі коммуналдық желілердің жағдайы күрделі екенін атап өтті.

– Қазір екі ірі мемлекеттік жобаны қаржыландырып отырмыз. Нысандарды аралап көрдік, шынында да желілер тозған. Соңғы жылдары көптеген апат тіркелген. Биылдың өзінде 4,2 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта да басқа жобаларды қолдауды жалғастырамыз, – деді ол.

Ал «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Виталий Панаетовтың айтуынша, кәріз коллекторын жаңғырту жұмыстары көптен күткен жоба болып отыр.

–Биыл 14 шақырым құбыр жаңартылады. Бұл апаттардың санын едәуір азайтады. Біз соңғы жылдары қаржыландыру сұрап келдік. Құбырлардың тозығы жеткелі қашан. Өткен жылы ғана осы аумақтағы саяжайларды бірнеше рет су басты. Сондықтан жаңарту жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайды. Жоба 22 ай ішінде жүзеге асырылады. Құрылыс кезінде қала тұрғындары үшін жолдарды жабу секілді қолайсыздықтар туындамайды, – деді маман.

Жұмыс сапары барысында жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс компанияларының өкілдеріне «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ жүзеге асырып отырған үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктері де таныстырылды. Мамандар тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесі, құрылыс салушыларға қойылатын талаптар және үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған құралдар туралы кеңінен ақпарат берді.

Кездесу қорытындысында тараптар инженерлік инфрақұрылымды уақытылы жаңғырту өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырудың маңызды шарты екенін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.

  

Қостанайда басталған бұл жұмыстар бір ғана коммуналдық желіні жаңарту емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция болып отыр.